Мәдениет

Ойылдық өрендер жүлдемен оралды

Биылғы Тәуелсіздік күнін Ойылдың 14 баласы еліміздің жүрегі Нұр-Сұлтан қаласында қарсы алды. Яғни, Ойыл аудандық балалар музыка меКтебінің өнерпаздары Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Аяулы Астана» атты халықаралық байқауға қатынасты. Бойына шығармашылық пен білімді қатар алып жүрген өрендеріміз еліміздің рух көтеретін патриоттық әндерін киелі сахнаға алып шығып, көркемдеп орындау арқылы қаншалықты керемет әннің сөздерін бойларына сіңіріп қайтты.

Жас өнерпаздарды шығармашылыққа баулып, талабын ұштап, өнер мәдениетін ұғындыру, алға қойған мақсатқа жету жолдарын үйрете білу және өнерлерін шыңдауды көздеген байқауға Қазақстан мен көршілес жатқан бірнеше елден де өнерлі жастар келді.
Қатысушылар байқауға дәстүрлі ән және вокалды әндерді орындау арқылы сайысқа түсті. Сонымен қатар ауданымызда көптеген жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүрген Үлгілі «Маржан» би тобы да осы байқауға қатынасты.
Байқауға  өнерпаздарымыз халық әндерін шырқап көрермендердің көңілінен жол таба білді. Нәтижесінде дәстүрлі ән айтудан Жамбылдың «Төгейін жырдан халқыма» термесін орындаған Елібай Әлімжан мен Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек» термесін Алмас Жақасов орындап жүлделі 1-орынды иеленсе, ал вокал жағынан «Әке-Ана» әнін орындаған Бекзат Естайұлы мен Мансур Магданов 2-орынға қол жеткізді. Ал «Құрбылар» биін билеген Үлгілі «Маржан» би тобы 2 орынды жеңіп алды. Байқау соңында  жеңімпаздарды «Astana Stars» ұйымдастыру комитетінің құрылтайшысы А.Құсайынованың дипломымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Өнерпаздардың өнерлерін Нұр-Сұлтан тұрғындары жылы қабыл-дап, сүйсіне қошемет білдірді. Жас та болса, өз өнерлерін паш етіп, аянбай тер төгіп, бар болмыстарымен елінің арқалаған үмітін ақтау үшін барынша тырысып жеңіспен оралған өнерпаздарымызды осы байқауға дайындап шыңдаған жетек-шілері Теңел Омаров пен Бұлбұл Шәутенова және Назерке Халидуллиналардың еңбегі ұшан-теңіз!

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар