Денсаулық

«Сау болу – сәнді!»

Адамның денсаулығы – қоғам байлығы. Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл-күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан дайын тұрады. Демек, «Дені саудың – жаны сау» деген бекерге айтылмаса керек.

Осы орайда 7 сәуір дүниежүзілік денсаулық күніне аудандық аурухана қызметкерлері мен мектеп оқушылары және колледж студенттері жаппай атсалысты. Ойыл аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің алдында «Сау болу сәнді» ұранымен спорт мектебінің шеберлері таңғы жаттығулар жасатып, аудан орталығындағы үш мектептің оқушылары мен Ойыл аграрлық колледжінің студенттері флешмоб биледі. Шараның ашылу салтанатында аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаев сөз сөйлеп, барлық тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Аудандық аурухана қызметкерлері денсаулық акциясына қатысушылардың қан қысымын, қандағы қант, холестерин мөлшерін анықтап, кейбіреулерге ұсыныстар берді. Сонымен қатар, скандинавтік жүріс марафоны өткізілді.

М.ҚҰБАЕВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар