Әкімдік
Алдағы міндеттер шалғай ауылдарға шаттық сыйламақ
Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев бастаған топ Қайыңды, Саралжын ауылдық округтеріне қарасты Көсембай, Тайсойған, Ақкемер елді мекендерінде болып, аталған ауыл әкімдерінің ауыл тұрғындары алдындағы кезекті есеп беру жиынына қатысты.
Көсембай да шағын ауыл болғанымен негізгі табысты малдан тауып отыр. Мұнда үй салу үрдісі жақсы қолға алынып келеді. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда жалпы Қайыңды округі бойынша сәбилердің дүниеге келуінің көбеюі қуантарлық жағдай. Ауыл әкімі Талғат Қожахметов ауылдың тыныс-тіршілігін жан-жақты баяндап, алдағы міндеттерін ауыл тұрғындары алдында нақты жүзеге асыруға болатынын үлкен сеніммен жеткізді. Ол үшін тұрғындарды жасалған жұмысқа қолдау білдіріп, бірлесе атсалысуға шақырды. Көсембайдағы негізгі мәселенің бірі — халықты таза ауыз сумен қамту болса, аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы бұл мәселе шешімін тауып тұрғанын, жер аяғы кеңігесін құбыр тарту жұмыстары басталатынын атап өтті. Әрі қарай Тайсойған елді мекенінде өткен ауыл әкімі Абат Мүбараковтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына тоқталсақ, 2019 жыл тайсойғандықтар үшін жемісті жыл болды. Ауылға жаңа мектеп салынып, көгілдір отын іске қосылды. Қазір Тайсойғанда мектеп оқушылары жылы, жаңа мектепте білім алуларына толық мүмкіндік бар. Ал, үй-жайларына заманауи үлгіде жөндеу жұмыстарын жасауға асыққан ауыл халқы көгілдір отынды тұтынып келеді. Аталған ауылдағы басты мәселе ауылдық клубқа ағымдағы жөндеу жұмыстары мен көшелерге жарық шамдарын орнату. Ал, Ақкемерде оптикалық талшықты интернет желісін жүргізу болса, ауыл әкімі Абат Қаратауұлының айтуынша бұл ауылға биыл «Билайн» ұялы байланысын орнату көзделіп отыр.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Көсембай-Тайсойған-Ақкемер-Ойыл.