Мәдениет
Естен кетпес есті әндер
Биыл композитор Ескендір Хасанғалиев 80 жасқа толады. Оның қырық жыл бұрын жазылған әндері бұл күнде де рухын жоғалтқан емес. Сондықтан сан-алуан тақырыпта ән жазған композиторға деген қазақ жұртының құрметі шексіз.
Осы орайда өткен сәрсенбіде аудандық мәдениет үйінде атақты әнші-композитор, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиевтың 80 жасқа толуына арналған «Айналдым елім» атты ән кеші өтті. Кешті «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының директоры Айсұлу Мамбетова мен ауданның серісіне айналған Ғабит Қазыбаев жүргізді. Әншінің өнер айдынындағы жетістіктері мен өмір жолынан сыр шертті. Белгілі композиторға арналған кештің шымылдығы бейнесюжетпен түрілді. Айта кетерлігі айтулы кеште аудан өнерпаздары мен Ойыл топырағынан шыққан облысқа танымал өнерпаздарымыз арнайы келіп, әнсүйер қауымға Ескендірдің естен кетпес есті әндерін тарту етті. Кеште шырқалған әрбір ән көрермен жүрегінен жол тауып, көңіл көкжиегін жадыратты. Көрермендер көп жиналған кеште бір айта кетерлігі әр салада қызмет етіп жүрсе де, өнерді жандарына серік еткен жандардың барлығы дерлік жанды дауыста шырқады. Қоңыр дауыстарымен Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Бозторғайым» әнін орындаған Мұқан Сатыбаев, «Асыл арман» әнін шырқаған Жаңылдық Бисенғалиева, «Айналдым елім» әнін орындаған Райса Ғаббасова көрермендердің қызу қошеметіне бөленді. Бұл әншілеріміз көрермендердің сұрауы бойынша тағы бір әннен шырқап сөздері салмақты, мән-мағыналы ескі әндерге сусаған жұртшылықты бір серпілтті. Әрине, ескі әндер десек те, ұлтымызға тән стилде жазылған осындай әндер өміршең болып келеді. Сондықтан айтулы кеште сексеннің сеңгіріне келген әнші ағамыздың өзі болмаса да, өнерсүйер қауымның оған деген құрметінің шексіз екендігіне куә болып қайттық. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев аудан өнерпаздары мен барша мәдениет қызметкерлеріне алғысын білдірді. Сондай-ақ алыстан ат терлетіп арнайы келген Мұқан Сатыбаев, Райса Ғаббасова сынды өнерпаздарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.