Әлеумет
Ауған ақиқаты жүректегі жара
Жылма-жыл ақпан айының ортасында біз ауған соғысында қазақ тапқан жауынгерлерді еске алып, олардың рухтарының алдында бас иеміз. Өйткені бұл соғыста 18-19 жасар өрімдей жас жігіттер жазықсыздан-жазықсыз құрбан болды.
Осы орайда өткен аптада «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының ұйымдастыруымен аудандағы ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Аталған кездесу кешіне мектептің жоғары сынып оқушылары мен аудандағы санаулы ауған соғысының ардагерлері қатынасты. Онда алдымен ауған соғысы туралы бейне фильм көрсетіліп, ержүрек, қайтпас қайсар жауынгерлердің арқасында жат жердің болашағы үшін, бейбіт өмірі үшін, қаза тапқан батыр ағаларымызбен есіл боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікте болды. Сонымен бірге аудандағы ауған соғысының ардагерлері Ермек Сұлтанов, Абай Тоқмағамбетов, Болат Сағатовпен тілдесіп, бірнеше сауалдар қойылды. Әрине соғыстың лебі жеңіл болмайтындығын жеткізген ардагерлеріміз сол бір сұрапыл кезеңнен бүкпесіз сыр бөлісті. Кеш кезінде аудан өнерпаздары патриоттық әндерін тарту етсе, кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы ауған соғысының ардагерлеріне естелік сыйлықтарын табыстады.
М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.