Әкімдік

Биыл инфрақұрылымға бағытталған қаржы көп

Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезекті қырық алтыншы сессиясы өтті. Аудандық аурухананың бас дәрігері, мәслихат депутаты Сәндібек Нұрбаев төрағалық еткен сессияға 11 депутаттың алтауы ғана қатысты. Күн тәртібіне 16 мәселе қаралды. Ағымдағы жылы атқарылатын нақты істің жоспары бекітіліп, әр мәселе жан-жақты талқыланды. Біз өзекті деген бірқатар мәселені шолып өтсек, алғаш болып жастар саясатын жүзеге асыру бойынша аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Болатұлы баяндама жасады. «Жастарды, жас отбасылар  қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі бүгінгі күнінің кезек күттірмейтін талабы. Осы мақсатта ауданда былтыр басталған құны 71 млн. теңгені құрайтын 2 пәтерлі 6 тұрғын үй құрылысы пайдалануға берілді. Сонымен қатар екі қабатты 8 пәтер және бір пәтерлі 14 тұрғын үйдің құрылысын жасақтау үшін жобалау сметалық құжаттарына облыстан 7 млн. теңге қаражатқа сұраныс берілді. Осы жобалаларымыз жүзеге асатын болса, заң талаптарын сақтай отырып, мүмкіндігінше жас отбасыларға қолдау көрсетеміз. Қазіргі таңда 29 жасқа дейінгі 36 жастар мен жас отбасылар тұрғын үй кезегінде тұр. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жастардың жұмыспен қамтылу көрсеткіші маңызды рөлге ие. Осы бағытта ауданымызда жастарды жұмыспен қамтуды мақсат ететін «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Гүлдене бер, туған ел!» марафон эстафетасы сынды жобалар сәтті жүзеге асырылып келеді» — деп, өткен жылы жастармен бірлесіп жасалған игі істер мен нәтижелі жетістіктері жөнінде кеңірек мәлімет берді. Алайда аудан әкімі Асқар Қазыбаев «Жасыл ел», «Гүлдене бер, туған ел!» сынды абаттандыру жұмыстарына қатынасқан жастарды жиі бақылауда ұстап, текке бос уақыт өткізбеулері үшін үнемі қадағалауға тапсырма берді. Сессияда қаралған өзекті мәселелердің қатарында селоның тазалығы да болды. Бұл жөнінде баяндама жасаған Ойыл ауылдық округінің әкімінің міндетін атқарушы М.Қазмұханов өткен жылы қоршаған ортаға,  малдарға зиянын келтіретін қаңғыбас иттердің көбейіп кетуіне байланысты оларды жою мақсатында ветеринария мамандары арқылы  209 бас  қаңғыбас ит жойылып, алайда тұрғындар жаз айларында малдарын өріске дейін  айдамай, үйлерінен шығарып жіберу салдарынан, не болмаса бұзауларын үйлерінен шығарып оларды қадағаламау салдары барын жасырмай жеткізді. Осы  тәртіпсіздікті болдырмау үшін алдағы уақытта округ тарапынан тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бос жүрген малдары тиісті орынға қамалып, жергілікті учаскелік инспектор, аудандық ветеринария және округ мамандарымен қамалған малдардың сырға нөмірлері арқылы анықтап, малдардың иелеріне ветеринария мамандары арқылы актілер жасақталып, айыппұлдар салынатындығын баса айтты. Келесі кезекте, Республикалық бюджеттен «Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және (немесе) аз қамтылған көпбалалы отбасыларға коммуналдық тұрғын үй қорының тұрғын жайын сатып алуға» — 16800,0 мың теңге, Облыстық бюджеттен «Көлік инфрақұрылымының басым жобаларын іске асыруға» — 50 000,0 мың теңге және «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға» — 1770,0 мың теңге тартылғандығын жасырмай жеткізген  Ойыл аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысы Қайнарбай Ұлықпанов аудан бойынша әр салаға белгіленген қаржыны айтпағанда ағымдағы жылы ауданның басы бос қаржысы есебінен Ойыл ауылдық округіне – 54814,3 мың теңге 3 көшеге ағымдағы жөндеу және 9 көшеге щебень төсеуге, 7 ауылдық округке елді-мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 48909,7 мың теңге аудандық бюджет есебінен трансферттер бөлінгендігін мәлім етті.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар