ӘлеуметБасты тақырып
Төтенше жағдай: ауылдарда жағдай қалыпты!
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты облыс бойынша барлық автокөлік қарым-қатынасына шектеу қойылып, барлық сыртқы жолдарға блокпосттар қойылғаны баршаға мəлім.
Өткен аптада Ойыл селосының кіре берісіндегі блок-бекеттердің жұмысымен таныстық. Ақтөбе қаласына шығар жолдағы бекетте тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Аудандық полиция бөлімі мен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасының маманы және бір дәрігер кезекшілік етіп тұр. Сонымен қатар, бұл жұмысты атқарушы органның өкілі бақылайды. Арнайы рұқсаты бар көліктерге кіріп, шығар кезде залалсыздандыру жұмыстары жасалса, жолаушылардың жағдайын арнаулы сала мамандары бақылайды.
Осы орайда ауыл халқының қауіпсіздігі үшін күн-түн демей тынбай еңбек етіп жүрген Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі бойынша учаскелік инспектор Нұрлан Мұқашевты айтпасқа болмас. Блокпостқа арнайы вагон апарылып, учаскелік инспектор қасына кезекшілік ұйымдастырылуда. Сонымен қатар округ əкімі Әділбек Ізбасовтың бастамасымен «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы Қаратал БПҰ — ның ықпалымен жеке кəсіпкер Бәтима Исаева блокпосттағыларға түскі ас ұйымдастыруға демеушілік көрсетті.
Осындай қысылтаяң кезеңде елге үлгі аларлықтай игі ісі үшін ауыл əкімі Әділбек Ізбасов жеке кəсіпкерге барлық тұрғындар атынан алғысын білдірді.
P.S.
Біз төтенше жағдай кезінде көршілес ауданмен шектесетін округ әкімдерімен арнайы тілдесіп, блокпосттар жұмысы туралы сұрастырдық. Атырау облысы, Қызылқоға ауданымен шектесетін Көптоғай ауылдық округі, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданымен шектесетін Қараой, Сарбие ауылдық округтерінде жағдай қалыпты. Округ әкімдері ауыл тұрғындарының әрқашан ауыз бірлікте екенін жеткізіп, мектеп директорлары мен шаруа қожалықтардың төтенше жағдай кезінде бейқам еместігін ерекше атап өтті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.