ӘкімдікБасты тақырып

Мерекенің мерейлі мезеті

ЖЫЛДАҒЫ ДӘСТҮР БОЙЫНША БИЫЛДА КӨКТЕМНІҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІМЕН БАСТАЛЫП, 8 НАУРЫЗ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІМЕН ЖАЛҒАСЫН ТАУЫП КЕЛЕДІ. КӨКТЕМНІҢ ЖАЙМА ШУАҒЫНДАЙ ЖҮРЕГІ МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ АНАЛАРҒА ҚАНДАЙ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТСЕК ТЕ АРТЫҚ ЕМЕС.

Осы орайда кеше түске дейін Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханада жазушы Ғабит Мүсіреповтың туғанына 120 жыл толуына орай «Ана туралы аңыздар» атты импровизациялық мерекелік кеш өтті. Ғабит Мүсірепов шығармашылығына әр жылдары жазылған ана туралы еңбектері мен аудармалары «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима», «Адамның анасы», «Өлімді жеңген ана», «Ұлпан» ана тақырыбына көптеген шығармаларын арнаған. Ананың балаға деген шексіз мейірімін ұлықтаған кешке тағдыр тауқыметін арқалап, жанұясының жылуын суытпай, мүмкіндігі шектеулі балаларына бар мейірімін төгіп жүрген аналар және аудан әкімі Асқар Қазыбаев, аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Тыныштыбай Шалабаев қатысты. Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйытқы болуымен өткен шараны кітапхана әдіскері Айнаш Жакина жүргізді. Айтулы кешті өнерпаз жастарымыз анаға деген шексіз махаббатпен шырқалған әсем әнмен әрледі. Сонымен қатар өнерпаз жастарымыз ана туралы әсерлі өлеңдерін оқып, көңілдің көкжиегін тебірентті. Толғанай Бекова «Ананың анасы» әңгімесін жатқа оқып берсе, Аяжан Бағытқалиқызы мен Анар Мауленова «Ашынған ана» әңгімесінен үзінді қойылым жасады. Кеш кезінде аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мен Тыныштыбай Шалабаев кеш қонақтарын айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебіздерін жеткізді.
8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңындағы тағы бір шара түстен кейін «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында «Іскер әйел – ел мерейі» атты кешпен ұштасты. Мұнда ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға қажырлы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысып, мерекелік кештің құрметті қонағы болды. Аудан басшысы Асқар Қайырғалұлы барша іскер әйелдердің кәсібіне береке тілеп, мерекелік құттықтауын жеткізсе, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы басшының міндетін атқарушы Ақмарал Есбатырова кәсіп ашып, халыққа кәсіптің түрлі тетігі бойынша қызмет көрсетіп отырған нәзік жандыларға алғысын білдірді. Оған қоса кәсіпкер аналарымызда жергілікті билік өкілдеріне алғыстарын жаудырып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға дән риза екендерін айтты. Кәсіпкер аналарға арналған салтанатты шара әрі қарай мерекелік дастархан басындағы ақжарма тілектерімен жалғасты.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар