Мәдениет
Ойылдың онлайн концерті
Еліміздегі ахуалға байланысты Ақтөбедегі жерлестеріміз «Ойылдың толқынын» шырқап, әлеуметтік желі арқылы тартса, Ойыл аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық "Шапағат" Ешпановтар отбасылық ансамблі онлайн-концертін ұсынды. Инстаграм желісіндегі Aqtobe_madeniet және Aqtobe_ODNT аккаунттары арқылы тікелей эфирде таратылды.
Халық ансамбль туралы қысқаша ақпарат беретін болсақ, «Шапағат» халықтық Ешпановтар отбасылық ансамблі Ойыл аудандық мәдениет үйі жанынан құрылып, 2004 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Боранбай — ансамбль жетекшісі ұлттық домбыра аспабымен қоса, жапондық «Синтезатор» аспабын меңгерген. Театрда бірнеше рольдерді сомдап келеді және «Шаншу» әзіл сықақ театрының мүшесі. 2008 жылы Облыстық мәдениет басқармасының Алғыс хатына ие болды. 2008 жылы отбасылық ансамбль халықтық атағын қорғады. 2009 жылы облыстық мәдениет қызметкерлерінің сайысына қатынасып 2 дәрежелі лауреат атанды. 2011 жылы Темір ауданында өткен «Отаным – Отбасым» облыстық байқауында 1 орынмен марапатталды. 2012 жылдан бастап «халықтық» театрдың режиссері қызметін атқарды. Театр 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен «Театр – өнердің ұлы көші» «Халықтық» театрлардың 8 аймақтық фестивалінде 3 орынға ие болды. Сонымен қатар, «Үздік қоюшы режиссер» наминациясымен марапатталды. 2014 жылдан бастап үйірме жетекшісі міндетін атқаруда. Отанасы Ибағалиева Гүлмира кітапхана редакторы. Домбырамен, эстрадамен ән салады, әзіл сықақ интермедияларында ойнайды. Ансамблдің бірі мүшесі қыздары – Бұлбұл аудандық музыка мектебінде мұғалім. Вокал және хор кластарына дәріс береді. Отбасылы. Ақтөбе қаласында өткен хор үйірмелерінің байқауына қатынасып, нәтижесінде 3 орынмен марапатталды. Облыстық, республикалық байқауларға қатынасып бағын сынап жүлделерге ие болып жүр. 2019 жылы Астана қаласында өткен «Аяулы Астана» атты халықаралық байқауға қатынасып, өнер жолында бала тәрбиелеп, ұстаздық еткені үшін «Алғыс хатпен» марапатталды. «Мәңгілік елдің өнері — ұрпақ жадында жатталған жасампаздық» атты фестиваль-байқауға өнерлі балаларды дайындап, жоғары дәрежеде қосқан үлесі үшін «Алғыс хатпен» марапатталды. Бұлбұл атына сай, әсем дауысымен көрермендерін баурап келеді.
Үйдің кенже Ақниет 5 жасынан бастап облыстық, аудандық конкурстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол сонымен қоса би өнерінің озық шебері десе де болғандай. Ақтөбе қаласында түсірілген «Жаса» балалар киносында басты ролді сомдады. Сонымен бірге «Медиа проект» жобасының (продюсері Ж.Досова) белді мүшесі, актер, вокал, би кластары бойынша дәріс алды. 2017 жылы отбасылық ансамблдің мүшесі Ақниет жалпы орта және қосымша білім беру мекемелерінің білім алушылар арасында өткен «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» 1 облыстық байқауында «Тапқыр жігіт» номинациясын иеленді. Облыстық жастар мен студенттердің «Жас дәурен-2017» фестиваліне «Эстрадалық әндер» жанры бойынша қатысып, дипломмен марапатталып және 500 000 теңгенің сертификатына ие болды. Республикалық «Қазақстан балалары шексіз әлемде» тақырыбындағы байқаудың облыстық кезеңіне қатысып, шығармашылық қабілетін жоғары дәрежеде көрсете білгені үшін жүлделі 2-ші орынды иеленді. «Қазақстан балалары шексіз әлемде» республикалық фестивалінің «Әлеуметтік жарнама, әлеуметтік ролик» номинациясының 1-ші орын иегері. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге қосқан үлесі үшін Білім басқармасының басшысы Л.Оразбаеваның алғыс хатымен марапатталды. Ақниет 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Бақытты балалық шақ» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы облыстық фестеваль-байқауында бас жүлде иеленіп, Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне грант, және ақшалай 100 000 тг ұтып алды. Бүгінгі таңда Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде 2 курс студенті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Аудандағы мәдениет саласына қосқан үлесі үшін Ойыл ауданының «Жыл адамы» атағы берілді.
Ал, онлайн концерт Боранбай мен Гүлмираның орындауында «Қызыл көйлек» әнімен ашылса, одан әрі мүшелерінің қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнімен жалғасты. Тікелей эфирді тамашалаушылардың толассыз сауалы мен өтініші сәйкес, Бұлбұл «Қызымын елдің» атты әнін шырқаса, көрермендерге Ақниет «Самалтау» әнін тарту етті.
Одан кейін өз репертуарларындағы бірнеше әнді орындаған халықтық ансамбль көпшіліктің кошеметіне бөленді. Оған әлеуметтік желіге жазылған пікірлер мен лебіздер куә.
Р.S. Тікелей эфирді екі аккаунт арқылы 200-ден астам адам тамашалады.