ӘлеуметБасты тақырып
Әкеге құрметтің үлгісі
Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толды. Әлемді шарпыған қауіпті індетке тосқауыл қою үшін мерейтойлық шаралардың барлығы кейінге шегерілді. Бірақ, бұл ерлікке тағзымға тосқауыл емес... Ойылдағы қандайма шарадан тыс қалмайтын, туған топырағына бүйрегі бұрып жүретін азамат Рақым Қожасұлы Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан, туғанынан 100 жыл болған әкесіне құрметті оның туған жерінен бастады. Әкесі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатты. Өткен сенбі күні әкесі өлсе де, әкесінің көзін көрген ағалары мен замандастарын жинап сол тақтаны салтанатты түрде ашты.
«Nur Otan» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ұрпақтарының бастамасымен Облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комиссиясының биылғы жылдың 27 мамыры күні №3 шешімі негізінде рұқсат берілді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Нвардия офицері Қожас Бақиұлы Қарабалиев 1920 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Аққозы селосында жергілікті бай отбасында туған. Ата-анасы ерте балалық шағында қайтыс болғаннан кейін ол туыстарымен бірге тұрып, кейін Ақтөбе облысы, Ойыл ауданының балалар үйіне жіберілді. 1940 жылы Ойыл ауданының орта мектебін бітірді. 1940-1946 жылдары Кеңес Армиясында қызмет етті, Екінші дүниежүзілік соғыстағы шайқастарға қатысты. Ол өзінің қызметін 1940 жылы Ресейдің Приморье өлкесінде бастаған.1942 жылы Ресей Федерациясының Владимир облысындағы Владимир әскери училищесін СА-да офицер ретінде бітірді. Бастапқыда 1942 жылдан бастап Ресей Федерациясының Кострома облысының Кострома қаласында орналасқан әуе-десанттық арнайы жасақтың взвод командирі болып, 1942-1944 жылдары КСРО-ны босату үшін арнайы әскери операцияларға қатысты. 1944-1946 жылдары әскери-азаттық операцияларға қатысып, кейін Еуропаның шет елдерінде (Румыния, Чехословакия, Венгрия, Австрия) бейбіт режимді қолдауға қатысты.Аға лейтенант Қожас Бақиұлы Екінші дүниежүзілік соғыс ордендерімен және медальдармен және әскери қызметі үшін марапатталған.1949-1972 жылдары зейнеткерлікке шыққанға дейін Ойыл ауданының орта мектептерінде дене тәрбиесі және тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді.
Ал, ескерткіштің ашылу салтанатында алдынан дәріс алған шәкірттері Қазбек Нұрымгерейұлы, Аманғос Қисықов және Ғазиз Займолдаұлы естеліктер айтса, осы шараға ұйытқы болып, әкеге құрметтің үлгісін көрсеткен Рақым Қожасұлы мен «NUR Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Займолдин мемориалдық тақтаны салтанатты ашты.
Салтанатты шара ұйымдастырушылардың ұйытқы болуымен Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін шайқаста майданнан оралмаған ардагерлерімізге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен жалғасты.
Өз тілшіміз.