ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
ЖАҚСЫ ДӘСТҮРДІҢ ЖАҢА СИПАТЫ
Көрісу — еліміздің батыс өңірлерінде сақталған ежелгі дәстүрлердің бірі. Біраз уақыт ұмыт болған дәстүрдің шығу тарихы туралы бүгінге дейін ғылыми тұжырымдалған анықтамасы жоқ. Бұл ежелгі дәстүрдің тарих сахнасына қай жылы еніп, қай өңірлерде тойланғаны туралы да мардымды ақпараттар жоқтың қасы.
Бірақ, Көрісу— Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында үзілмеген ежелгі дәстүр.
Бұл күн биылғы жылы еліміздің барлық аймағында жаңаша сипатпен мерекеленіп бастады.
Осы салтты сақтаған өлкенің бірі — Ойыл өңірі Көрісу күнін ешқандай жоба-жоспарсыз атап өтеді. Бүгінде таң ата көрші-көлемге көріскен жастар үзілмеген дәстүрдің үлгісі. «Жаңа жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», — деп үлкендер бата берсе, көшеде де төс қағыстырып жатқан ағайындар да ақ тілектерін ақтарып жатыр.
Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүр. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Арадағы өкпе-ренішті, араздықты ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің жариялаған Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасына сәйкес, Ойылдағы Мәдениет Үйінің алдында аудандық мәдениет бөліміне қарасты мекемелер қызметкерлерінің күшімен ұйымдастырылған шарада Көрісу күнімен аудан әкімі Асқар Қазыбаев жұртшылықты құттықтаса, әлі де ызғары қайтпаған ауа-райын елемеген халық көже ішіп, әртүрлі көріністерді тамашалады.