БЕРЕКЕ БАСЫ- НАУРЫЗ

Наурыз — көктемнің алғашқы күні ғана емес, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, ұлттың береке-бірлігін жаңғыртып, жасампаздыққа жол ашатын қасиетті мереке. Осыған орай Ойыл ауданында көпшіліктің асыға күтетін Наурыз мейрамы ерекше аталып өтті. Ойыл ауданының білім бөлімі, Ойыл аудандық оқушылар үйі, Ойыл ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен «Жастық» сауда үйінің ұйымдастырумен өткен «Береке басы Наурыз» атты мерекелік шара аудан тұрғындарына арналды. Мереке аясында ән мен күйден шашу шашылып, би мен ойын-сауықтарға жалғасты. Шараның арнайы қонағы, аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев құттықтау сөз сөйлеп, барлық тұрғындарға Наурыздың игілікті әрі берекелі болуын тіледі. Сонымен қатар білім бөлімінің басшысы Есенгелді Бегалин мен қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Ернұр Асқаров да өз сөздерін айтып, халықты мерекемен құттықтады.Жиылған қауым ұлттық ойындар ойнап, дәмнен ауыз тиіп, наурыз көже ішіп, бір-біріне құттықтауларын білдірді. Бұл шара тек мейрамның ғана емес, аудан тұрғындарының бірлігін, ынтымақтастығын нығайтатын үлкен қадам болды.