Басты тақырыпДенсаулық
Әдемі – «Шапағат» медалінің иегері!
Атам қазақ әу бастан «Бірінші байлық денсаулық» — деп кетті. Оған даламызды әлемді алаңдатқан дерт жайлағанда тура көз жеткізіп отырмыз. Бүгінгі күні дертіне дауа таппай, бір жұтам ауа жетпей көз жұмғандар туралы деректер толастар емес. Осындайда ажалға араша тұрып, әр адамның өмірі үшін арпалысқан ақ халатты дәрігерлер бүгінгі күннің қаһармандары. Солардың бірі біздің жерлесіміз – Әдемі Демеуова.
Ал, «бауыр етің балаң» ауырса, өзіңді қоярға жер таппайсың! Адамға дәрігердің шипалы емінен бұрын шынайы пейілі керектігіне өзіміз талай көз жеткіздік. Әдемі Қажымұқанқызы атына заты сай, ішкі дүниесі де әдемі дәрігер. Бебеулеген баланың Әдемінің алдына барғанда бар ауруынан айыққандай, бір сәтке болса да күлімсірегенін көрдік. Бұл Әдемінің берген антына адалдығы, мамандығына деген махаббаты мен ұяда көрген тәрбиесі.
Жуырда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен Әдемі қарындасымыз «Шапағат» медалімен марапатталды. Әрине, Әдемі үшін баланың күлкісі мен ананың қуанышынан артық алғыс жоқ. «Мен үшін бәрінен биік марапат сол» — дейді. Дегенмен, мемлекеттің тарапынан еңбегің еленіп жатса, ол да өз мерейің! Сондықтан, әрқашан мерейіңіз үстем болсын!