Басты тақырып

ТЫНЫМСЫЗ ЖАТТЫҒУ — ЖЕҢІСТІҢ БАСТАУЫ

Аудан әкімінің қабылдауынан басталған бұл күн – жас спортшы Дана Құрманғазина үшін өміріндегі есте қалар сәттердің бірі болды. Волейболдан Қазақстан Республикасының спорт шебері атанған Саға мектеп-балабақшасының 11-сынып оқушысы Данаға аудан басшысы естелік медаль мен алғыс хат табыстап, алдағы үлкен аренада сәттілік тіледі. Бұл – биік белестерге жетелеген маңдай тер мен мызғымас ерік-жігердің лайықты марапаты.

«Кішкене кезімнен әкем мен аға-апаларымның волейбол ойнағанын көріп, соларға қарап қызығып келдім. Сондықтан осы спорт түрін таңдадым», – дейді Дана. Балалық арман бүгінде үлкен мақсатқа айналып отыр. Қолына алғаш доп ұстаған күннен бастап, ол тынымсыз жаттығу мен тәртіпті тіршілікті өмірлік серік етті. 2008–2009 жылдары туылған жасөспірім қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының VI жастар ойындарында жеңімпаз атанып, облыс құрамасының сапында топ жарды. Бұдан бөлек, Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жүлдегері атануы – Дананың тек шебер ойыншы ғана емес, нағыз бәсекеге қабілетті спортшы екенін дәлелдейді. Оның жетістіктерінде жаттықтырушысы, әрі әкесі Райымбек Құрманғазиннің еңбегі де орасан. Әке мен баланың арасындағы сенім, спорттағы тізе қосқан еңбек – нәтижеге жетелеген бірлік пен берекенің көрінісі. «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығы осындайда еске түседі.
Дана спорт жолында қиындықтың да, сын сағаттың да болғанын жасырмайды. «Шаршағанда бастаған істі соңына дейін жеткізу керек деген ұстанымым бар. Сондықтан мотивация болатын – отбасымның қолдауы», – дейді ол. Адал еңбек пен жанашыр жандардың демеуі болмаса, биік шыңдарды бағындыру оңай емес екені анық. Жарыстар ішінде Тараз қаласында өткен турнир ерекше есте қалыпты. «Бұл жарыста командалық рух пен тартысты ойын ерекше болды. Барлық жеткен жетістіктерімізді бірігіп жеттік», – дейді ол. Командадағы сенімділік, достық пен ауызбіршілік – әрбір жеңістің алтын арқауы.
Дананың күнделікті өмірі – тәртіп пен еңбекке негізделген. Таңғы жаттығу, сабақ, қайтадан дайындық – бәрі жоспармен. Бос уақытында үстел теннисін ойнағанды, ән салғанды жақсы көреді. «Облыс құрамындағы ең өнерлісі мен шығармын», – деп ағынан жарылып, бір жымиып алды. Бұл сөздің астарында бала көңілдің қуанышы мен сенімі жатыр.
Болашаққа бағытталған ойы да айқын. «Кәсіби деңгейде өнер көрсеткім келеді. Егер қалап жатсам, жаттықтырушы болғым келеді», – дейді. Бұл сөздерден елдің спортын дамытуға деген жауапкершілік пен ниет байқалады.
Жас волейболшыларға арнаған ақылы да жүректен шыққан: «Қорқыныш болады, қателік те кетуі мүмкін. Сондай кезде өзіңді кешіре білу керек. Миың таза болу керек. Қателікке тіреліп қалмау керек». Бұл – спортта ғана емес, өмірдің кез келген кезеңінде қажет болатын ұлағатты сөздер. Қазақта «Бейнетсіз зейнет жоқ» дейді. Дана Құрманғазина – осы ұлы сөздің шынайы мысалы. Талант пен тәртіп, жігер мен жанкештілік бір арнаға тоғысқанда ғана нағыз жеңіс келеді. Жас болса да, алдына биік мақсаттар қойып, ел намысын абыроймен қорғап жүрген қайсар қыздың жолы әрдайым ашық болсын!
Әділет ШАБАЙ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button