ӘлеуметРухани жаңғыру
Көне мешіттер — тарихтың куәсі
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» патриоттық-танымдық клубы тарапынан облыс аудандары аумағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында 2017 жылдан бері, тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Аманат» облыстық танымдық және ғылыми зерттеу экспедициясы биылғы бағдарламасына сай Ойыл ауданы аумағында жүргізілді.
Сол кезеңдегі рухани орталық – мешіттер, киелі орындар, қастерлі қорымдар орындарын анықтау, оларға танымдық және ғылыми-зерттеулер жүргізу, облыс аумағындағы ХІХ және ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде имандылық – ағартушылық жұмыстар жүргізген жергілікті діни қайраткерлер, ағартушы тұлғалардың өмірі мен қызметі жөнінде деректер жинап іздестіру мақсатында Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан құрылған «Аманат -2020» облыстық танымдық, ғылыми-зерттеу экспедициясы 2020 жылдың 26-28 тамыз күндері Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, экспедиция жетекшісі Қыдырғали Ермұқан, облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы «Руханият» танымдық клубының жетекшісі, өлкетанушы, зерттеулік экспедиция жетекшісінің орынбасары Жібек Абдуллина, Ойыл аудандық музейінің директоры Балқия Рысбаеваның қолдауымен Ойыл ауданының Көптоғай, Сарбие, Қараой селолық округтері аумағында жүргізілді.
Экспедиция құрамында облыстық тарихи-өлкетану музейі, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің қызметкерлері мен облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының ғылыми қызметкерлері, ОТӨМ жанындағы «Руханият» танымдық клубының мүшелері, журналист-өлкетанушы, мәдениеттанушылар және жергілікті діни тұлғалар мен қайраткерлердің ұрпақтары атсалысты.
Экспедиция нәтижесінде Көптоғай ауылдық округінің оңтүстік бағытында, Ойыл өзенінің сол жақ жағалауында 25 шақырым жерде орналасқан біздің заманымыздың ІІ-ІV ғасырларына жататын сақ – сармат кезеңіндегі ғибадатханасын анықтау мақсатында барлау жұмысы жүргізілді. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдың мұрасы болып қалған «Самай» қорымындағы құлпытастар оқылып, «Самай қожа» бейіті анықталды. Құлпытастарды археология және этнографиялық қамтамасыз ету бөлімінің аға ғылыми қызметкері, арабист Қонысбай Рақбаев оқыды.
Шұбарши ауылының солтүстігінде 2 шақырым жерде орналасқан «Ерғали» қажы кесенесі мен ХІХ ғасырда өмір сүрген «Үргешбай» мазарына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Қараой ауылдық округінің шығысында 13 км жерде орналасқан Лай етегінде мешіт салдырып, қазақ жерінде кеңес өкіметі орнағанға дейін мешіт ұстаған Қазмағамбет хазірет (1857-1917ж.ж) туралы мәліметтер алынып жинақталды.
Қазмағамбет хазірет ата қорымының шығыс солтүстігінде 15 шақырым жерде орналасқан ХІХ ғасырға тән ұзындығы-200 метр, ені – 150 метр «Ақмола» қорымы зерттелді. Архитектурасы ерекше ақ борлы, сазды балшықтан салынған күмбезді мазарлар бүгінгі күнге дейін сақталған. Бұл қорымда Ысық пен Таз рулары жерленгені анықталды.
Қараой ауылының солтүстік-батысында орналасқан Алтыотау жеріндегі Шалабай хазіреттің мешіт ұстап, бала оқытқан жері анықталды. Жақсыбайкөл ауылының солтүстігіндегі 2 км жерде «Ермұхан» мешіті орналасқаны да анықталды. Оңтүстік бағытындағы Құлақши №1, №2, №3 қорымдарына іздестіру, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қорымдарда Шеркеш, Таз, Кете рулары жерленгені анықталып, Ташмұхамбет қажының көкмешітінің орны зерттелді. Қараойдың оңтүстік батысындағы тарихи жер Қызылқорғанда репрессия құрбаны болған Сисенғали хазірет Қарағұлов мешітінің орны анықталып, фото, бейне түсірілім жасалды.
Сарбие ауылдық округінің зейнеткер педагогы, жергілікті өлкетанушысы – Кереев Мұхитпен сұхбат жүргізілді, «Шынтай» әулие қорымына іссапар барысында ата қорымы, ұрпақтарымен жүздесіп кең көлемде мәлімет алынды. «Аманат-2020» облыстық танымдық, ғылыми-зерттеу экспедициясы өз мақсатында ондаған мешіт орындары мен 20-ға жуық көне құлпытас жазбаларын зерттеп, фотосуреттер мен бейне түсірілімдер жасады, музей қоры тарихи деректермен толықты. Экспедиция мүшелері аудан әкімдігіне және оқруг әкімдеріне өз алғыстарын жеткізді.
Дулат ИСАБАЕВ,
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушылар клубының мүшесі.