ӘкімдікБасты тақырып

Жол да — көшенің көркі!

«АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ» ДЕГЕН ҰҒЫМ БЕКЕРГЕ АЙТЫЛМАСА КЕРЕК. ӨЙТКЕНІ АУЫЛДЫҢ АЖАРЫ ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІРЛІГІНІҢ КӨРІНІСІ. БІЗДІҢ АУДАНДА ЕШҚАНДАЙ ӨНДІРІС КӨЗІ БОЛМАҒАНЫМЕН ТҰРҒЫНДАР ТӨРТ ТҮЛІГІН ТҮЛЕТІП, БАУ-БАҚША САЛЫП, КӘСІП ЕТУГЕ ӘБДЕН МАШЫҚТАНҒАН. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ҮЙЛЕРІНІҢ СЫРТЫН СЫРЛАУ, ӘКТЕУ, ҚОРШАУЛАРЫН ЖАҢАРТУ СЫНДЫ ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА. АЛ, АУДАННЫҢ ІШКІ ЖОЛДАРЫН АСФАЛЬТТАУ ЖОБАЛАРЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАТТЫ ҚУАНТТЫ.

Биылғы жылы ауданымызда ауқымды жүзеге асқан жобалардың бірі деп көше-жол желісін жөндеу жұмыстарын айтуға толықтай негіз бар.  Оның айшықты көрінісі соңғы жылдары автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары дұрыс жолға қойылып, нәтижесінде шалғай ауылдарға баратын жолдармен қатар, ауданның ішкі көшелері де асфальтталып жатыр. Бұған дейін автокөліктер асфальт төселмеген көшелермен жүргенде қиындыққа тап болатын еді. Кедір-бұдыр, ойқы-шойқы жолдар техникаға да, жүргізушілерге де ауыртпалықтар әкелетін. Енді міне, асфальт төселген тақтайдай жол бойымен жүру жеңіл әрі тиімді болып отыр. Нақтырақ айтсақ, алдымен «Көкжар» көшесінің ескі асфальті жаңартылып, кеңейтілді. Бұл негізгі көшені жөндеу жөнінде аудан тұрғындары көптен бері айтып жүрген болатын. Жолдың сапасы мықты болуы үшін асфальттың астына қиыршық тас аралас құм қоспасын төседі. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында Ә.Молдағұлова көшесі мен А.Иманов көшесі асфальтталса, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша Бақаев, Желтоқсан көшелері толықтай асфальтталып болды. Жалпы ауданымызда 26,946 метрді құрайтын 30 көше бар. Қазірге таңда оның 58% пайызы асфальтталған. Күні кеше ғана мердігерлер асфальтталған көшелерге жол белгілерін орнатып, жолақтар сызу сияқты жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, атап өтсек, қыркүйек, қазан айларында Шернияз көшесін асфальттау жұмыстары күтілуде.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар