ӘкімдікБасты тақырып
Құтқару қызметі – қауіпке қарсы тұрғандар
Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары бүгінгі күннің батырлары. Халықтың басына төнген қауіпті сейілтіп, қандай да оқиға болмасын, бар күш-жігерін салып құтқару жұмыстарын жүргізіп жүрген ауданымыздағы құтқарушылар қызметкерлерінің құрметіне «Кәсібіңе басымды ием!» атты салтанатты шара өтті.
Бұл айтулы күннің бекітілуі елімізде Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық мемлекеттік комитеттің құрылуымен байланысты. Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Ә. Назарбаев 1995 жылғы 19 қазанда төтенше жағдайлар және Азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті орталық атқарушы органды құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Бұл төтенше жағдайлардың алдын-алу және оларды жоюдың тиімді жүйесін құру ісіндегі шешуші сәті болды. 25 жылдан бері еліміздің құтқарушылары мен өрт сөндірушілері халықтың қауіпсіздігін сақтауға үлес қосып келеді. Апат айтып келмейтіні бәрімізге белгілі. Мерекеге орай тосыннан болған апатта азаматтардың жанынан табылып, бірінші болып бастарын қауіпке тігіп, көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушыларын айтулы мерекелерімен аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы құттықтап арнайы алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында «Төтенше жағдайлар органдары ардагерлерінің Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Мәлік Қарабалин «Ардагер — ветеран» арнайы төс белгісімен және аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлының алғыс хатымен марапатталды. Ойыл ауданы әкімшілігі аппаратының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Артур Аманғосов мен №18 өрт сөндіру бекетінің жүргізушісі Талғат Жүсібалиев Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Дәурен Өлғасыров облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің алғыс хатымен марапаттал-са, азаматтық қорғау органының ардагерлері Арман Сәттібаев, Қуандық Нұртанов, Әлімжан Есбатыров, Тельман Қосжанов, Бейімбет Құлбаевтарға аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың алғыс хаттары табыс етілді. Шара барысында азаматтық қорғау органының ардагері Тұрғали Мұқанов сөз алып, барша азаматтары мерекесімен құттықтай отырып, қызмет барысындағы қиындықтардан жол тауып шығуда ел азаматтарының еңбегі ерен екендіктерін атап өтті. Қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан үлестері мен өз қызметіне деген адалдығы, отансүйгіштігі мен кәсіби біліктіліктерін ұштастыра білген құтқарушыларымызды атаулы мерекелерімен құттықтай отырып еңбектеріне жеміс, отбасыларына амандық тілейміз!
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.