ӘкімдікБасты тақырып

Қоғамның ертеңі қандай болуы керек?

Бұл ауған соғысының ардагері, “Құрмет” орденінің иегері және “Ер-Бақыт” спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаевты жиі толғандыратын сауал. Ол “жастар спортпен шұғылдансын, өзгелерден артта қалмасын” деп жүйелі түрде қаржы бөліп тұратын кәсіпкер. Бүгінгі күні ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығын құрып, басқарып отыр.

Қазіргі таңда жастарға патриоттық тәрбие беру мен елдің болашағын ойлау – егіз ұғымға айналды. Елбасы өз жолдауының бірінде «Егер бір жылдықты ойласаңдар, бақша егіңдер. Егер 100 жылдықты ойласаңдар, тал егіңдер. Ал мәңгілік болашақ өмірді ойласаңдар, өз тарихын, түп-тамырын, тектілігін білетін ұрпақ тәрбиелеңдер» — деп айтқан еді. Осы сөзді ұраны етіп ұстанып келеді.
Бүгін ауданымызға арнайы келген Ақтөбе облыстық ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығының төрағасы Марат Қойлыбаев бастаған топ жастармен кездесіп ой бөлісті. Жуырда ғана іргесі қаланған қауымдастықтың негізгі мақсаты — болашақта еліміздің көркеюіне үлес қосар жастардың тәрбиесіне атсалысу. Ол үшін бүгінгі жастардың намыс, жүректерінде отанға деген махаббат, саналарында қоғамға қандай пайдамды тигізсем екен деген ой болуы тиіс. Кездесу барысында жастарға өзінің осындай ой-тілектерін жеткізген Марат ағамыз діни ағымдардан да абай болуды ескертті. «Ақырын жүріп, анық басу» үшін діни қағидалардың ұстанымы ұлттық ұғыммен ұштасуы керек. Сонымен қатар, жастарды спортпен айналысып, денесін ширатып, қабілеті дамытуға шақырды. Ерік-жігері күшті, оқу мен еңбек етуге ынтасы зор жастар елдің ертеңі. Сондықтан да, жуырда Ақтөбе қаласында “Ұлттық рухтағы тәрбиенің тізгінін ұстайтын уақыт келді” тақырыбында жастармен кездесу өткізіпті. Сонда да көп өзекті мәселелер көтеріліпті.
«Ұлтты сүю өз тіліңді құрметтеуден басталады» — деп түсінетін ауған соғысының ардагері жастарға «Еңбектің наны тәтті» — деген мәтелдің мағынасын талдап түсіндірді. Осы кездесуге келген қауымдастық төрағасының орынбасары Болат Қалдыбаев пен Гумер Галеевтер мен жерлесіміз Абай Тоқмағамбетовтар да өз ойларымен бөлісті.
Р.S. Қонақтар ауданға сапары барысында аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың қабылдауында болып, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінде, Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болып, аудандық мешітке барып аруақтарға дұға бағыштады.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар