ӘкімдікБасты тақырып
Онлайн оқу мен дәрігерлерге үстемақы төлеуге арналды
Кеше «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Займолдин мен партиялық бақылау мүшелері онлайн режимде оқып жатқан оқушылардың ноутбукпен жабдықталуы мен коронавирус пандемиясы кезінде қауіпті індетті жұқтырған науқастарды емдеуде аянбай қызмет еткен дәрігерлерге үстемақы төлеу жөнінде бақылау жұмыстарын жүргізді.
Толығырақ тарқатсақ, алдымен аудандық аурухана ұжымымен кездесу өткізген партиялық бақылау мүшелері ауруханадағы ақ халаттылардан үстемақы жөнінде толық апарат алды. Дәрігерлердің үніне кезек берсек, олардан келер арыз-шағым жоқ. Қауіпті індеттің өршіген кезінде өмірін тәуекелге тігіп, науқастың айығып кетуі үшін қызмет көрсеткен жандардың барлығы дерлік тиісті құжатқа сәйкес үстемақы алған. Мұндай жағдай елімізде бұрын соңды тәжірибеде болмағандықтан коронавируспен күресуге атсалысқан кейбір жандардың үстемақыға ілікпей қалғандарын да жасырмады. Ал, мектептерде онлайн режимде оқу жүйесі әлі де бір қалыпқа түсе қойған жоқ. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен 81, облыстық бюджеттен 600 компьютер бөлініп жатыр.
Оқушылардың онлайн жүйесінде оқулары үшін ноутбукпен жабдықталуы әзірге 10%-ды ғана құрайды. Бұл жөнінде аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Серік Меруенов мәлімет берді. Одан кейін партиялық бақылау мүшелері Ойыл қазақ орта мектебінің 7 а класс оқушысы Нұрбақыт Қанатбаеваның онлайн режимінде сабақ оқу барысын арнайы барып көрді. Нұрбақыт аталған мектептегі оқу үлгерімі жоғары оқушылардың бірі болғандықтан әзірге ұялы телефоны арқылы сабағын оқып жатыр. Алайда, ол мектепте оқығысы келетінін ашық айтты. Ал, «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Займолдин кездесу барысында білім және денсаулық сақтау қызметкерлерін бірлесіп қызмет етуге шақырды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.