Басты тақырып
Рақым Қарабалиев — Дәстүрлі турнирдің дәнекері
ӨТКЕН СЕНБІ КҮНІ «ОЙЫЛ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ», СПОРТ АРДАГЕРІ РАХЫМ ҚАРАБАЛИЕВТЫҢ ЖҮЛДЕСІНЕ АРНАЛҒАН ЕРЛЕР АРАСЫНДА ҮЛКЕН ФУТБОЛДАН ТУРНИР ӨТТІ.
Турнирдің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев спорттық шараны салтанатты түрде ашып, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Әрі қарай жастардың басын қосуына өзінің септігін тигізіп жүрген турнирдің ұйымдастырушысы Рахым Қарабалиев те өзінің ойын ортаға салып, келген қонақтармен жарысқа қатысушыларға турнирдің не себепті ұйымдастырылып жатқандығына қысқаша ғана тоқталып өтті. Осыған дейін спорт жанашыры әкесі Қожас Қарабалиевтің атына 16 рет волейболдан аудандық біріншілік ұйымдастырса, футболдан 6-шы рет турнир өткізіп отыр.
Ойыл БЖСМ,Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі, Қайыңды ауылдық округі және Ойыл аграрлық колледжі сынды төрт команда қатысты. Үлкен алаңда шебер ойын көрсеткен Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, ІІ орынды Қайыңды ауылдық округінен келген команда алды. Ойын басынан жеңіске ұмтылған Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасы үшінші орынды місе тұтты. Жарыстың жабылу салтанатында жеңімпаздармен қатар, алаңның әр бөлігіндегі үздіктер арнаулы сыйлықтарға ие болды.
P.S. Сондай-ақ, Ернұр Бақытжан «Үздік шабуылшы» атанса, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасының ойыншысы Азат Шерниязов «Үздік қорғаушы» атанды. Есенғали Құлбаев «Үздік қақпашы» номинациялары бойынша марапаттар тапсырылды.
Г.АЛЕКСЕЕВА.