ӘлеуметБасты тақырып

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

Ақ сақалды қария, ақ жаулықты әженің өнегелі өмірімен сусындап өскен ұрпақ рухани мүгедектің шекпенінен шығып, адалдықтың ақ жолымен жүрері ақиқат. Қазыналы қарттарымыз жастарға жол сілтеп, үлгі болар өткеннің сарқыттары. Олар барда дастарханымыз жиылмай, мамыражай тіршілік кешіп, өнегелі әңгімелерін таңды таңға ұрып тыңдауға болады. 1 қазан қарттарымыздың айтулы мерекесі «Халықаралық қарттар күні». Бұл күні бала мен немеренің ыстық лебізіне марқайып, талай тағдырдың сынақтарына сынбай келген қарттарымыз қуанышқа бөленеді. Барлық атаулы мерекелерді назардан тыс қалдырмай, көпшілікке ақжарма ақ тілегін арнап жүретін аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы осы жолыда қартарымыздың үйлеріне барып арнайы әзірлеген сыйлықтарын табыс етті.
Дана халқымыз «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» деп тегін айтпаса керек. Құшақ жайып қарсы алған қарттарымыздың бірі жақсы әңгіменің тиегін ағытса, енді бірі қара домбыраны қолға алып әуелете ән шырқады. Осы кездесуден-ақ даналықтың дара үлгісін көруге болады. Ойыл ауданында туған жерге еңбегі сіңіп, талай жыл ел қызметінде болған арда азаматтар қашан да құрметке лайықты. Солардың қатарында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Амангелді Жұманов, Ауыл шаруашылық саласының ардагерлері Жәрдем Мұхамбетқалив пен Шеркешбай Қостанов бар. Өрелі өмір жолын туған жердің түлеуіне арнап, еңбектерінің зейнетін көріп отырған шақта ұрпақтарына игілік пен ізгіліктің, пайым — парасаттың үлгісін танытудан жалықпаған қарттарымыз аман болсын.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар