ҰСТАМЕН КЕЗДЕСУ:ҰСТАНЫМ МЕН ҰЛАҒАТ
Кәсіпкерлік қызметпен айналысудың қыр-сырын сол жолмен жүріп өткен тәжірибелі кәсіпкердің өз аузынан есту кімге болса да қызық. Әсіресе, мектеп оқушылары үшін бұл тақырып тіпті ерекше.

Осы ретте, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының ұйымдастыруымен Ойылдағы Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияда Ойылдағы белгілі ағаш шебері Қуаныш Мергенбаевпен кездесу өтті. Алдымен мектеп-гимназия директоры Шынаргүл Бисенова жас ұрпаққа жұмысшы мамандықтарды, олардың еңбегін насихаттай отырып, ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатындағы кездесудің маңызына тоқталды.
Ақтөбе облысының көлемінде өткізіліп жатқан «Сыбаға» фестивалінің аясында «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» тақырыбындағы кездесу барысында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов пен аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Қойбағаровтар алдымен оқушыларға шағын кәсіпкерлікті ұйымдастыру мәселелеріне қатысты маңызды кеңестер берсе, Қуаныш Майлыбайұлы өзінің тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ оқушылардың сауалдарына жауап берді.
Әсіресе, оқушыларға алдымен ағаштың қасиетін біліп, жасалатын дүниенің салмағы, тұратын орны ескерілуі керектігін түсіндірген кәсіпкер бастаған істе табандылық таныту және нәтижесі үшін жауапкершілікті ала білу сынды қасиеттердің де маңызды екенін жеткізді. Сондай-ақ, осы мектеп-гимназияның кәсіби бағдар беруші мұғалімі Серік Ахметов кездесу соңында ұлдардың шеберлігі мен бейімдігін байқау үшін арнайы сайыс ұйымдастырылды.
Кәсіби бағдар беруге үлес қосу және кәсіпкерлікке баулуды көздеген кездесуде атадан мирас кәсіпті серік еткен Қуаныштың бір күндік еңбек күні бейнебаян арқылы көрсетілді.



