Әлеумет
Ақкемерге ұялы байланыс желісі келді
Ауыз су, ұялы байланыс құралының орнатылуы халық үшін жасалған игі шаралардың бірі. Жаһанданудың жағасына жармасып даму үшін де шалғай ауыл аймақтарға көңіл бөлудің маңызы зор. Соның дәлелі күні кеше ғана Ақкемер елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су құрылысы жұмысы аяқталған болатын. Халық тіршілік нәрінің бұрынғыдай сырттан тасып әуреленбей үйдің ішіне кіріп тұруына қолдау көрсеткен барша азаматтарға дән риза. Ақкемерліктер үшін жағымды жаңалық бұнымен шектеліп қала қойған жоқ. Бүгінде ұялы байланыс желісінің келуі ауыл тұрғындары үшін көптен күткен жақсы жаңалықтардың бірі болды. Қазір ақкемерліктер 3G байланысын қолданып отыр. Айшылық алыс жерден жылдам хабар алғызатын байланыс қондырғылары халық үшін, ауылда онлайн оқып жатырған студент жастар үшін қолайлылық туғызып отыр. Бұрындары ауыз судың, ұялы байланыстың зардабын тартқан халық қазіргі таңда тіршіліктерінің үлкен қала өмірінен кемде — кем еместігін айтады. Сонымен қатар ұялы байланыс желісін орнату мәселесі жыл аяғына дейін байланыс жоқ өзге ауылдарға да орнатылып жалғасын табатын болады. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» демекші бар жағдайы жасалған ауыл өміріне қызығып қоныс аударушы жастардың да қарасы артып келеді. Бұл дегеніміз өңірдегі елді мекендердің алға ілгерлеуінің белгісі деуге толық негіз бар.
Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.