ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Мәселенің бәрі – қылмыстың алдын-алу үшін…
Өткен аптада ауданы әкімі Б.Күзембаеваның төралығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы Қайыңды ауылында өтті. Күн тәртібіне негізінен мал ұрлығының алдын-алу, қылмыстың ашылуы мен басқа да сабақтас мәселелер ұсынылды.
Алдымен өзге мүлікті ұрлау, пәтер ұрлығы соның ішінде мал ұрлығының алдын алу бойынша қабылданып жатырған шаралары туралы аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Мейірболат Масабаев баяндады. Әрине, келтірген деректерде ұзаған сайын мал ұрлығының ашылмай тұрғанына көз жеткіземіз. Мұнда да негізгі мәселе – малдың бағылмауы. Малдарын аптасына, тіпті айына бір түгендейтін тұрғындар малының жоқтығын сол уақытта ғана хабарлайды. Әсіресе, ашылмай тұрған ұрлықта Қайыңды ауылдық округінде тіркелген оқиғалардың үлесі басым.
Ал, аудан бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларын өтеп шыққан адамдарды және бұрын қайталап қылмыс жасағандарды жұмыспен қамту бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Наурызбаев пен аудандық пробация қызметінің инспекторы Құрмет Нұрмұхамбетовтер баяндады. Рас оларды ортаға тарту бағытында қолға алынған шаралар көп. Дегенмен бұл жерде барлығын бірдей бақылау мүмкін емес. Кейбіреулері вахталық әдіспен, енді біреулері шаруашылықтарда жұмыста. Кейбіреулері ұсынылған жұмыстан бас тартады. Бірақ, осы топтағы адамдардың ішінде өрескел тәртіп бұзып, талапқа бағынбаған адам жоқ.
Аудан бойынша 21 жасқа дейінгі жасөспірімдерге алкогольдік өнімді сатуды регламенттейтін заңнама талаптарын бұзу шараларын анықтау туралы қолданыстағы заңдар аясында атқарылып жатқан шараларды аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы Амантай Таласқалиев баяндады.
Ауылдық округтерде мал ұрлығын алдын алу бойынша мал басын анықтап оларды бірдейлендіріп таңбалау, GPS трекерлер орнату сонымен қатар малдардың бағылуы бойынша атқарылып жатырған жұмыстар туралы Ойыл ауылдық округі әкімі Даурен Бисебаев, Қайыңды ауылдық округі әкімі Молдашқали Қазмұханов пен Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі әкімі Нұрзия Ертемировалар баяндама жасады. Үш округтің аумағында да жеке тұрғындардың малдарын бақтыру жүйелі жолға қойылмаған. Малдарын спутниктік жүйе арқылы бақылауға мүмкіндік беретін GPS трекерлер орнатқандар да жоқ.
Көшпелі кеңесте аудан әкімі сабақтас мәселелердің шешіміне орай өз ұсыныстарын жеткізді.