ӘкімдікБасты тақырып
«Елбасы ел ертеңі»
Осындай тақырыппен өткен дүйсенбі түстен кейін «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шара өтті. Айтулы шараның шымылдығы Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің бишілер тобының «Қазақ» биімен түрілді. Одан кейін әнұран шырқалып, Тұңғыш Президент күніне арналған бейнебаян көпшілік назарына тарту етілді. Келесі кезекте барша аудан жұртшылығын атаулы мерекемен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан әр саланың қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Мерекелік марапат алғандардың арасында аудандық телекоммуникация саласында ұзақ жыл еңбек еткен Үмбет Жантеков, өңір руханиятына өлшеусіз үлес қосып, ұзақ жылдар бойына кітапхана саласында абыройлы қызмет еткен «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін таққан Бибігүл Шындаулетова, ауданның энергетика саласына ұзақ жылдар еңбегін сіңірген Амандық Абилов, мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылғы абыройлы еңбек еткен Берік Бегалин және әр салада қызмет етіп жүрген жастар да болды. Сондай-ақ, аудан көлемінде қаржы саласы қызметкерлерінің арасында дауыс беру жолымен анықталып, ең көп дауысқа ие болған Бөкенбай Жалғасбай «Жыл қаржыгері» атанды. Мерекелік марапат әрі қарай аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Аудан өнерпаздары «Елім менің», «Айналдым елім», «Елбасының анасы», «Елбасы ел бағы» әндерін жанды дауыста шырқап, шараға қатынасушылардың ыстық қошеметіне бөленді. Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының жинақтаған «Ғасырлар тоғысындағы толғамдар» ғылыми еңбектерін бейнебаян арқылы ұсынды.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.