Спорт

Мұрат – Ойылдың барысы

Жуырда Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыру мақсатында қазақ күресінен «Қазақстан барысы» аудандық іріктеу турнирі өтті.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан айтулы додаға биыл 15 палуан қатысып өзара бақ сынасты. Ойыл барысына бұған дейінде қатысып жүрген палуандар үлкен дайындықпен келіп, қазақ күресінің нағыз керемет айла-тәсілдерін көрсетті. Алғашқы белдесуді «жайбасар» лақап атымен шыққан ақшатаулық палуан Азамат Сатығалиев пен ойылдық палуан Азат Шерниязов бастады.

Әр қадамын сақтықпен басқан Азат жайбасар қарсыласының салмақ ерекшелігіне қарамастан әп-сәтте алып соқты. Әрине, әттеген-ай деген  тұстары да болды. Оны жанкүйерлердің айқайынан анық байқадық. Әсіресе ақтық белдесулер көрермендер көңілінен шығып, қазақ күресінен өткен аудандық іріктеу турнирі өте тартысты өтті. Нәтижесінде әр ауылдың атынан шығып, намыстана күрескен нарқасқа палуандар арасында Ойыл ауылдық округінің палуаны самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер Мұрат Әлжанов асқан шеберлікпен белдесіп, жеңімпаз атанды. ІІ орынды Қараой ауылдық округінің палуаны М.Бисембаев қанжығасына ілсе, ІІІ орынды қайыңдылық палуан Орман Рұсқұлов иеленді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қ.Қыстаубаев, Б.Ғалиакбаров, Т.Есқалиев бастаған ауданның атымтай азаматтарының демеушілігімен қаржылай марапатталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар