ӘлеуметМәдениет

«Ынтымақ, бірлік, келісім – ең басты байлық ел үшін!»

Өткен сейсенбіде аудан жұртшылығы 1 мамыр бірлік, ынтымақ күнін ыстық ықыласпен қарсы алды. Айтулы мереке әр мекеменің қызметкерлері әрбір этностың киімдерін киіп, туын көкке желбіреткен «Достық шеруімен» басталды. Таңертеңнен бұлттанып тұрған Көкжар көгі шайдай ашылғанымен құмды дауылы біраз әбігерге салды. Мерекелік шара біраз кешігіңкіреп басталғанымен орталық саябаққа жиналған адам қарасы сиремеді. Өйткені саябақ алдында аудан кәсіпкерлерінің ұсынған тәтті тағамдар мен сусындар саудасы мерекелік күнді мейлінше қыздыра түсті.

«Ынтымақ, Бірлік, Келісім – ең басты байлық ел үшін» атты шараның шымылдығы «Достық» биімен түрілді. Орталық саябақ іші әуезді әнмен әрленіп, өзге ұлт өкілдерінің тілегіне ұласты. Әрбір ұлт өнерлерін көрсетіп ғана қоймай көпшілікке ұлттық тағамдарын ұсынды. Мерекелік шараға облыстан арнайы келген өкіл байланыс және ақпараттандыру инспекциясының басшысы Ғабидолла Бисенбин мен аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева Ойыл жұртшылығын бірлік мерекесімен құттықтады. Сонымен бірге аудан әкімі ауданның әр саласында қалтқысыз қызмет етіп жүрген әр саланың қызметкерлерін арнайы марапаттады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар