«КҮЗ АРУЫ – 2025» ҚИЯЛҒА ҚАНАТ БІТКЕН КҮН!
Ойыл ауданында дәстүрлі «Күз аруы – 2025» атты аудандық байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Байқаудың мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілетін, шеберлігін, өнерін және білімін бағалау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балаларды ізденіске, ұқыптылыққа және жауапкершілікке баулу болды.

Шараға ауданға қарасты ауылдық мектептердің 5–7-сынып оқушылары қатысып, өз таланттарын түрлі бағытта көрсетті. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы «Кел, танысайық!» турында әр қатысушы өзін ерекше түрде таныстырса, «Күз сыйы» турында табиғи материалдардан жасалған бұйымдарын таныстырып және бейнебаян арқылы жарнамалады. «Өнер сайысында» – ән айту, би билеу, көркемсөз оқу сынды өнер түрлерін орындаса, «Күз береке, күз мереке» – турында күз туралы өлең оқу және тақырыпқа сай сурет салудан сайысты. Ал, «Әсем біздің арулар» сайысында арулар күзгі сән үлгісін көрсетсе, «Үй тапсырмасы» турында күзгі тағамдардан ас мәзірін әзірледі. Қатысушылардың өнерін аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен білім бөлімінің өкілдері, музыка және өнер саласының мамандары әділ бағалады. Байқау нәтижесінде «Күз аруы – 2025» бас жүлдесін иеленген қатысушы 40 000 теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, І орын иегері – 30 000 теңге, ІІ орын – 20 000 теңге, ІІІ орын – 15 000 теңге және ынталандыру сыйлықтары табысталды.
«Күз аруы – 2025» байқауы қатысушылардың шығармашылығын дамытып қана қоймай, эстетикалық талғамын арттырған, өнер мен сұлулық тоғысқан мәнді де, мазмұнды шара ретінде есте қалды.