Әкімдік
Соңғы сессияның жүгі мен сыйы
Өткен бейсенбі күні аудандық мәлихаттың депутаттары өздерінің биылғы жылғы да, осы шақырылымдағы да ең соңғы сессияларын өткізді. Негізінен ауданның алдағы үш жылдық бюджетін бекітіп, басқа да мәселелерді талқылаған сессия жұмысына аудан әкімі Асқар Қазыбаев қатынасып, халық қалаулыларына бес жыл бойы аудан ортақ игілігі үшін атқарған қызметтеріне алғысын айтты.
Санитарлық талаптарға сай, әлеуметтік қашықтық сақтала отырып өткізілген сессияда аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қайнар Ұлықпанов «2021-2023 жылдарға арналған Ойыл аудандық бюджеті туралы» баяндама жасаса, депутаттар назарына аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйіндік Өскенбаев Қазақстан Республикасының «Кәсіпкерлік Кодексінен» туындайтын жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудағы аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің есебін ұсынды.
Сессия жұмысы аяқталғаннан кейін, салтанатты шара жалғасын тауып, халық қалаулыларына аудан әкімі Асқар Қазыбаев ауданымыздың әлеуметтік- экономикасын ілгерілетуде бірлесе атқарған қызметтері үшін алғысын жеткізді.
Депутаттар облыстық маслихат хатшысы С. Қалдығұлова және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталып, республикалық «Біздің Депутат» қоғамдық-саяси газетінің 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүргізген рейтингісіне сәйкес Берік Көздіғарин «Үздік депутат» төсбелгісін тақты.