Әкімдік
Өткен жылы өнімді істер атқарылды ендігі тілек көгілдір отын
БҮГІН АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ЕСЕБІ ҚАРАКЕМЕР, АҚШАТАУ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ. АЛДЫМЕН ҚАРАКЕМЕРДЕГІ ЕСЕП БЕРУ ЖИЫНЫНДА ОЙЫЛ СЕЛОЛЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ СӘНДІБЕК ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРҒА ЖЫЛ ІШІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРДЫ БАЯНДАДЫ.
Екі ауылда да біраз жылдан бері шешімін таппай келе жатқан таза ауыз су мәселесі былтыр шешімін тауып, тұрғындар толықтай таза ауыз сумен қамтылды. Сонымен қатар ауылдардың көшелері жарық шамдарымен толығып, екі ауылға да заманау үлгідегі шағын спорт алаңдары салынды. Ал, Ойыл селолық округіне қарасты Қаракемер, Ақшатау ауылдарында өткен кездесуде қойылған сұрақтардың дені жеңілдетілген несиелер алу, гранттарға қатысу, жер алу сынды ауыл шаруашылық және жер бөлімі салаларына бағытталды. Одан кейін қозғаған басты мәселелері көгілдір отын мен ұялы байланыс, Ойыл өзенінің қазіргі жайы жайлы болды. Елді мекендерді көгілдір отынмен қамту қомақты қаржыны талап ететіндіктен аталған ауыл тұрғындарына көгілдір отынды мейлінше күтуге тура келеді. Ал, ұялы байланысқа келсек, Қаракемерде де, Ақшатауда да ұялы байланыс қою үшін мұнаралары дайын тұр. Сондықтан бұл мәселе ұзаққа бармай шешімін табады. Тұрғындармен кездесуде ауылдық тазалығы, малдың күтімі, жол қатынасы сынды мәселелерде көтерілді.
Ойыл селолық округінің учаскелік инспекторы Айбек Шегетаев коммуналдық қалдықтарды ортақ пайдалану жерлеріне тастау, ауыл шаруашылық малдарының күтімін ұйымдастыру бойынша қараусыз жүрген малдарға айыппұлдар барын хабарлады. Сондай-ақ екі ауылда да мал ұрлығы мен ешбір қылмыс болмағандығын баяндап, ауыл тұрғындарын әлеуметтік желідегі әлдебіреулердің алаяқтықтығынан сақтануға шақырды.
P.S. Екі ауылда да ауыл әкімінің есебіне арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Аслан Кенжебаев кейбір мәселелерге қосымша түсінік беріп, аудан бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Қаракемер-Ақшатау-Ойыл.