ӘкімдікБасты тақырып

Облыстық мәслихат депутаттары Ойылдағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты

Өткен аптада ауданымызға облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған облыстық мәслихат депутаттары келді. Сапары барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарды көздерімен көріп, республикалық және облыстық бюджеттен қаржы қажет ететін жобалармен танысу. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының 2021 жылғы жоспарланған сайлауалды бағдарламасының облыстық «Жол картасы» тармақтарының орындалу барысына да көз жеткізді.

Жоғарыда айтқанымыздай негізінен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысына басымдық берген баса назар аударған қонақтар алдымен Саралжын ауылдық округіне қарасты Бестамақ ауылына ат басын тіреді. Өйткені, мұнда «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында жалпы құны 202,288 млн. теңгеге орталықтандырылған ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Өткен маусым айында жұмысты бастаған мердігер «Монолит» ЖШС-і тендердің талабы бойынша қараша айында су құбырын қолданысқа тапсыруы тиіс. Алайда, мердігермен мәмілеге келген аудан әкімдігі бұл жұмысты қыркүйекке дейін аяқтауды міндеттеп отыр. Себебі, тұрғындар да суық түскенше үйлерінің ішіне су құбырын кіргізіп алуы үшін арнаулы жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. 300-ге тарта тұрғыны бар ауыл үшін бұл мемлекеттік бағдарламаның екінші үлкен «сыйы». Сондықтан, көгілдір отын келіп, бас жоспары жасалған ауылға бет бұрушылар көп. Содан-ақ, мемлекеттің қыруар қаржысының мақсатты жұмсалып жатқанына көз жеткізуге болады. Ал, ауыл тұрғындарының көктемгі-күзгі мезгілдегң күре жолға жету «мұңын» аудан әкімдігі таяу арада шешуді көздеп отыр. Саралжын ауылдық округі Кемер ауылындағы Саралжын ауылдық клубы және Саралжын ауылдық амбулаториясының жұмысымен танысқан облыстық мәслихаттың депутаттарын аудан әкімдігі осы округтің аумағында биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды.
Ойыл ауылдық округі Ойыл ауылының ішкі ауылдық жолдарына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарын көрген депутаттар әріптестері, белгілі меценат Талғат Салфиковтың демеушілігімен салынған аудандық саз мектебінің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, аудан орталығындағы жұмыс сапары барысында депутаттар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 392 млн. теңгеге салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен, Ойыл селосында салынып жатқан екі сегіз пәтерлі жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй құрылысымен және Ойыл селосындағы «Бастау 2019» ЖШС-нің  мал сою, ет өңдеу цехы жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, Ойыл селосындағы Талғат Салфиковтың демеушілігімен салынған шағын футбол алаңы мен демалыс саябағын көрген депутаттар одан кейін негізінен ауылшаруашылығының кіші буын мамандарын даярлайтын Ойыл аграрлық колледжінің материалдық-техникалық базасымен танысты.
Одан кейін аудандық мәслихат депутаттары мен ауданның мекеме басшыларымен кездескен облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған облыстық мәслихаттың депутаттарына аудан әкімі Асқар Қазыбаев «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы Жол картасының Ойыл ауданында орындалу барысын баяндады.
Яғни, осы мақсатта «Экономикалық тұрақты аудан» бағдарламасы жасақталып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарған арналған «Еңбек» бағдарламасы және «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерді қолдау және лайықты жалақысы бар жаңа жұмыс орындарын құруды көздеп отыр. Нәтижесінде биылғы жылдың өзінде көздеген мақсат артығымен орындалып отыр. Сонымен қатар, еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, қысқа мерзімді оқытуға республикалық бюджеттен бөлінген қаржы толық игеріліп, міндет толық орындалды. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін гранттар бөлу жұмысы да мерзімінде орындалып отыр. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлердің мал тұқымын асылдандыруы сияқты ой-жоспарларын орындауына «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы несие алуларына қолдау көрсетіліп келеді.
Ауданның барлық саласындағы жетістіктер мен міндеттерді баяндаған Асқар Қайырғалиұлы Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы Жол картасының Ойыл ауданында орындалмау қаупі бар түйткілді тұстарды да жасырған жоқ.
Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Келдібай Еспағамбетов «мал баққан» аудан Ойыл үшін мемлекеттік бағдарламалардың маңызы зор екеніне тоқталса, облыстық мәслихаттың депутаттарынан құралған топтың құрамында болған Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева кейбір көлемді қаражатты қажет ететін бағдарламалардың орындалу барысын ұдайы бақылауды ұсынып, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға шынайы ризашылығын білдірді.

Р.S Облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов бастаған облыстық мәслихат депутаттары Ойыл ауданына сапарлары соңында Ойыл орман шаруашылығының тәлімбағындағы «Жасыл ел» жасағының жұмысымен танысты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар