БілімРухани жаңғыру

Tуған жерге туың тік!

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «...әлеуметтік дамудың жаһандық тренді «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына» өтуге барып тіреледі. Сондықтан адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталан¬дыру¬дың жүйесін құру - Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі» - деп атап көрсеткен. Демек бізге дамылсыз еңбек ету керек. Дамыған елдердің алдыңғы көшіне ілесу «Мәңгілік ел» болып қалыптасуға негіз болады. «Керуен көшеді, ит үредіге» салмай, көшіміз түзу жүруі үшін тарихтан тағылым алу парыз. Себебі біздің бабаларымыз еңбек майданында шыңдалды. Қазақ даласынан қаншама дала академиктері шықты. Сонау келмеске кеткен Кеңестік дәуір кезінде қой бағып қоғам қайраткеріне дейін жеткен, жарғақ тон киіп, жылқы бағып, Жоғарғы кеңестің депутаты болып сайланған, механизатордан мінбеге көтерілген еңбек адамдарының өнегелі өміріне көз жіберсек жетіп жатыр. Оны алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Ойыл топырағынан Ү.Дүсіпов, Д.Медетбаев, Б.Құрманғазин, Қ.Ержанов, Б.Ғалымов, А.Мұқанғалиев, С.Тілеумағамбетов, Ж.Жүсібалиев сынды Социалистік Еңбек Ерлері, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет белгісі», «Еңбек Даңқы», Ленин Ордендерінің иегерлері, аға жылқышы, аға шопан, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген ұстаздар шықты. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін» демекші, бүгінгі буынға сол кездегі қарапайым еңбек адамдарының өмір жолдары өнеге.

Сонымен бірге Байсалбай Жолмырзаев, Сапар Сағынтаев, Отар Қлипанов, Әнуар Бекмұхамбетов, Олжабай Ғаббасов, Қозы Көрпеш Аманбаев, Ғазиз Займолда сынды ел басқарған айтулы тұлғалар ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтып, ауданның экономикасын көтеруде, әлеуметтік мәселелерді шешуде, партия мен үкіметтің шешімдерін жүзеге асыру, ауыл шаруашылығында әсіресе мал тұқымын асылдандыру ісі жолға қойылып, бірқатар игілікті істердің атқарылуына мұрындық болды. Мал шаруашылығына қажетті жем-шөп қорын нығайту үшін суармалы егіс көлемі ұлғайтылып, суару жүйелері салынды. Аудан басшылығы қызметіне келген уақыт ескі социалистік қоғамның іргетасы сөгіліп, жаңадан құрылып жатқан нарықтық қатынастардың сара жолы салынбаған қиын кез болатын. Ақша құнсызданып, зейнетақы, еңбекақы айлап төленбей, күнкөріс көздері бірнеше есе қымбаттап, сөрелерден азық-түлік жоғалып, халықтың басшыға сенімі азайған уақыты да осы кез болатын. Осы бір қиын кезеңде тығырықтан шығатын жол іздеп, ауданда жаңа нарықтық қатынастарға негізделген бірнеше еңбек кооперативтердің, шаруақожалықтардың сауда орталықтарын ашуға шешім қабылдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасап, ауданды ыдыратпай бір орталыққа бағындыра білді. Міне осы тұлғалардың есімдерін ардақтап, өнегелі істерін үлгі етуіміз қажет.

Осы орайда Ойыл аграрлық колледжінің бастамасымен және «Нұр отан» партиясы Ойыл аудандық филиалының қолдауымен айтулы оқу ордасында «Рухани жаңғыру: туған жерге туың тік!» атты тағылымдық сұхбат кеші өтті. Оған еңбек қоғамында құрыштай шыңдалып, қажыры мен қайратын сарқа жұмсап, ерен еңбектің иесі атанған аға буынның, ел мүддесін мансабынан биік қойып, ат үстінде халқына қызмет қылып жүрген орта буынның, жаһандану дәуірінде жаңғырған қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруда сүбелі үлесін қосып, өз еңбегімен танылып келе жатқан кейінгі буынның өкілдері, Ойыл аграрлық колледжінің студенттері мен оқытушылар ұжымы және «жас отан» жастар қанатының мүшелері қатысты. «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналиннің салиқалы сұхбатының сөз мәйегі «Болашаққа бағдар етіп ұстанған рухани жаңғыру мен рухымызды түлету», сол арқылы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері — технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер мен еңбек өнімділігін арттыру бағытында өрбіді.

Толығырақ тарқатсақ, Еркін Жұмағазыұлы алғашқы сөздің ноқтасын кештің қонағы, қадірлі қариямыз, еңбек ардагері, көпшілік жиындарда кейінгі ұрпақты еңбек қоғамына тәрбиелеу, жатыпішер жалқаулықтан арылу мәселесін көтеріп жүрген Ғұсман Жүмбергенұлы атамызға ұстатты. Одан соң, Ғұсыман атамыздың өмір соқпағы мен еңбек жолын таныстырып, «Өмірден көріп-түйгендеріңізді тағылымдық сұхбат кешіміздің тақырыбы аясында өрбітіп, айтып берсеңіз», — дей келе К.Маркстің ілімінде «Адамды — адам еткен еңбек» — деген тәмсіл бар. Олай болса Ғұсман ағамызды да адам еткен сол еңбек пе? Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында еліміздің барлық аймақтарында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және кооперацияларды мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдерін қалыптастыру туралы тапсырма берген болатын. Қазірдің өзінде ауданымызда осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында 14 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылды. Осы тұрғыда өмірлік тәжірибеңізге сүйене отырып не айтар едіңіз? — деген сауалдарын қойды.

Алдымен қоғамдық шараларға жиі шақырып жүрген іні-қарындастарына алғысын білдірген еңбек ардагері Ғұсыман Жүмбергенұлы расында бүгінгі күнде тер төгіп, еңбек етуде қазіргі жастардың бойында әлі де болса енжарлық барын баса айтты. «Қазір біз үкімет беретін жәрдемақыға сүйеніп алдық» — деп ойын жалғаған Ғұсыман ақсақал өзінің өткен өмірінен сыр шертті. Еңбекпен жаны егіз жанның айтары аз болмады.

Ғұсман Жүмбергенұлы,

Еңбек ардагері, зейнеткер.

— 1927 жылы партияның ХV съезінде елді коллективтендіруге бағыт алуға шешім қабылданып, колхоз- совхозға біріккен әкімшілік-территориялық басқару жүйесі ендірілді. Одақ тарағаннан кейін бұрынғы одақтас республикалардың барлығы дерлік дағдарысты басынан кешіріп, қалыптасқан колхоз-совхоздар кейіннен ыдырады. Бірақ біз «Мәңгілік елге» құлаш сермеген зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру басты мақсатымыз. Ауыл шаруашылығын дамыту арқылы экономикамызды нығайта аламыз» — деп тұщымды жауап беріп, «Жеке жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деп ойын түйіндеді.

Осы аға буын өкілдерінің көбісінің көзін көріп, салып кеткен сүрлеуімен жүріп, кейбірімен жұмыстас болып, өсу, өрлеу жылдарында осы тұлғалардың өнегелі істерін бойына сіңіріп өскен аудандық аумақтық инспекция басшысы Өркен Қожағалиевқа «Сіздің Еңбек қоғамында азамат болып қалыптасуыңызға Компартиялық идеологияның қаншалықты  әсері болды?, Қазіргі таңда аудандық аумақтық инспекция басшысы лауазымында отырсыз. Осы атқарып отырған жұмысыңыздың қыр- сырымен бөліссеңіз. Алдыңызда отырған жас мамандарға не айтар едіңіз?» — деген сауалдар тастады.

Өркен Қожағалиев,

аудандық аумақтық инспекция басшысы.

Соның әсері болар, мен ауыл шаруашылығы мамандығын таңдадым.

Өйткені 70 — 80 жылдары қазақ жастары мен жастар ұйымдарын шопандар бригадасын құруға үндеді. Партия мен үкімет мектеп бітіруші жастарды ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартып, қой өсіруші комсомол – жастар бригадаларын құру науқаны басталған болатын. Одан қалды қой қырқу, сүт сауу бригадалары құрылып, егін орағы, шөп шабу науқандарына көмекші ретінде мектеп жасындағы балаларды тарту үрдісі болатын. Қазір бәрі басқаша бала құқығы заңмен қорғалған. Еңбекке ерте жастан кіріспеген соң жұмысқа жарамсыз жастар көп. Көбі мамандық таңдаудан қателеседі. Біздің ауданға кәсіби мамандар көптеп қажет. Мал дәрігерлері жеткілікті болғанымен жоғары білімді азаматтар аз. Өңірде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы баю. Ол ауыл шаруашылығы саласының қарыштап дамуына кері әсерін беріп келеді. Жастарға айтарым әр адам сүйіп таңдаған мамандығынан ешқашан жалықпайды. Оған қоса үнемі ізденіп, үздік тер төгудің арқасында биік-биік белестерді бағындыра аласыздар.

Әрі қарай әңгіменің желісін үзбей сұхбат кешінің келесі қонағы кезінде осы білім ордасының қабырғасында қызмет еткен, аудан әкімінің орынбасары Асқар Қайырғалиұлына «Қазір сіз аудан әкімінің орынбасары болып ауданымыздың әлеуметтік саласын басқарып келесіз. Билік баспалдақтарынан көтеріліп, мансаптық мінберіне қалай жеттіңіз? Қазақ «Отан — отбасынан басталады» — дейді. Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданымызда қандай шаралар атқарылуда? Жуырда «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» халық назарына ұсынылды. Соның үшінші бастамасы туралы не айтар едіңіз? Сонымен қатар, мемлекет тарапынан жас мамандарды ауылдық жерлерде тұрақтандыру мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда?» — деген кезекті сауалдарын қойды.

Асқар Қазыбаев,

аудан әкімінің орынбасары.

Адам мұндай жолға үздіксіз еңбектің арқасында жетеді. Жастар жалықпай оқып, жүрегі елім-жерім деп соғып тұрса ғана талай биіктіктерді бағындырары сөзсіз. Тек еріншектік, жалқаулық әдеттерден біржола арылуы тиіс. Сонымен бірге жастардың бойында білім, сана, талпыныс, қайрат-жігер болуы керек. Біздің ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Оны бәрімізде жақсы білеміз. Ауданымыз ауыл шаруашылығы саласымен айналысатындықтан аграрлық саланы дамыту басты міндетіміз. Сондықтан шағын және орта бизнесті тоқтатпай әрбір азамат өзін жұмыспен қамтып, үкіметке қарап отыруды қою керек. Керісінше туған жердің көркеюіне үлес қосуы тиіс. Осы тұрғыда «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданда көптеген шаралар жүзеге асып келеді. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан әр жылғы түлектер ауылдың көркейіп, гүлденуіне айрықша ат салысу үстінде. Мұның өзінен Ойыл топырағынан түлеп ұшқан әр перзенттің Отанға деген шексіз құрметін айрықша байқауға болады. Келесі сауал бойынша тоқталсам Елбасының 5 әлеуметтік бастамасында жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша 20 мың грант бөлу, оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі болады және бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді делінген. Ендеше бізге осы мүмкіндіктерді пайдаланып қалуымыз керек. Одан бөлек біздің жастарымыз жоғары оқу орындарын бітіріп келіп, «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға болады.

Әйел азаматшалардың қоғамдағы ролі, саясаттағы және басшылық лауазымдағы тұлғалық деңгейі біздің демократиялық қоғамда ерлермен теңқабырғалы дәріптеледі. Сондықтан келесі сауалдар қазіргі қоғамдағы нәзікжандылардың бірі, талай жыл мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап келе жатқан, қаржыгер, экономист маман Шолпан Ғаббасқызына қойылды. Шолпан апай гендерлік саясат, әйел затының қоғамдағы орны деген тақырыпты ашып бересіз бе?, «Әйелдер қоғамда да, саясатта да, мемлекеттік қызметте де ерлермен иық тірестіріп бірге келеді. Тіпті көп жағдайда әйелдердің ерлерге қарағанда басқарушылық, еңбек тиімділігін арттыру қасиеттері жоғары»  деген пікірге қосыласыз ба?

Шолпан Қарабалина,

аудандық мәслихаттың бөлім басшысы.

Әйел отбасында ғана емес, мемлекеттік істе де шеберлік таныта алады. Облысымызда 24 басқарма болса, оның жетеуін әйел адамдар басқарады. Бұл «Әйел бір қолымен бесігін тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді дегенге» нақ айтылғандай. Сонау тоқсаныншы жылдары тоқыраушылық кезеңдерде ерлер жұмыссыз абдырап қалғанда әйелдер ала дорбасын арқалап, сауда саттықпен айналысты. «Әйел қырық шырақты» демекші осындай қиыншылық кезде тәуекелге бел байлап отбасын аман алып қалды. Мұның өзі үлкен ерлік. Әйел затының ел ісіне араласуы дұрыс тәрбиеден бастау алады. Сондықтан қыз тәрбиесін ерте жастан қолға алуымыз керек. «Қызды қырық үйден тию» деген секілді қазақтың қағидалары мен ұстанымдарын ұстансақ, әйелдерге де әлемді билеуге болады. Айта берсек артық мақтағандық емес, алыпта анадан туады ғой. Сондықтан еліміздің қарыштап дамуына әйел, ер болып бөлінбей бірігіп атсалысайық!

Сұхбат кешінің соңғы сауалы Тәуелсіз елдің түлегі аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Серік Сармұхановқа қойылды. Серік Қадірғалиұлы технология дамыған жаңа заманда жұмыс жасау қаншалықты тиімді? Мамандықты қалай таңдадыңыз?

Серік Сармұханов,

аудандық ветеринария бөлімінің басшысы.

Жаңғырған заманда еңбек еткен адамға аса ауыр қиыншылық жоқ. Іс-қағаздарының барлық электронный жүреді. Қазіргі таңда бізге біліммен бірге тәжірибе де керек. Сондықтан біздің салада әбден тер төгуге тура келеді. Онсыз жетістікке жетудің жолы ауыр. Біз өмір сүріп жатқан жаңа дәуірде мемлекетіміз де жаңғырып, түлеп, қарыштап дамуда. Алайда еліміздің патриоты ретінде айтарым Қазақстанның болашағын Америка, Еуропа елдеріне еліктеу арқылы дамыту дұрыс емес. Өйткені біздің өз салт-дәстүріміз бар. Ал, мамандық таңдауға келсем, әкеме қарап өстім. Ол кісі де осы салаға біраз еңбек сіңірді. Менде әке жолын қуып, осы сала аштан өлтірмейтін, нағыз еңбектің қайнаған ортасы екенін түсіндім.

P.S. Атап өтсек, сұхбат кешінің соңында Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Займолда арнайы келіп сұхбаттасқан әр саланың атқа мінерлеріне алғысын білдірді. Колледж студенттерін қоғамдық шараларға белсенділік танытуға шақырып, елдің патриоты болуға жігерлі сөздерімен бір серпілтті. Ауданның даму жолында, барынша күш-жігер салып, Елбасымыз міндеттеген жобаларды бірлесіп атқаруға ыстық ықыласын жеткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар