Әкімдік

Күре жолдың күрделі жөндеуі көп адамды қуантып отыр

Кеше аудан әкімінің есебі Сарбие, Қараой селолық округтерінде жалғасты. Бұл ауылдарда да алдымен селолық округ әкімдері ауыл тұрғындарын өткен жылы атқарылған жұмыстармен таныстырды.Санитарлық талаптарға сай өткізілген кездесу-жиында Сарбие ауылдық округінің әкімі Дәурен Бисебаевтың айтуынша, округте мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көргендер көп. Яғни, «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Жақып» шаруа қожалығы 9,5 млн. теңге несие алып, қой басын көбейтсе, «Ай-Бек» шаруа қожалығы 4 млн теңге несиеге 9 бас жылқы алыпты. «Шибұлақ» шаруа қожалығы 2 млн теңге алып, 40 бас қой алса, жеке кәсіпкер Абдрахманов 1,5 млн теңгеге мүйізді ірі қара алыпты. Сонымен қатар, былтыр 5 шаруа қожалығы мемлекеттік көмегімен ұңғыма құдық қаздырса, «Нұржан» шаруа қожалығы 14 млн. теңгеге ауылшаруашылығы техникаларын алды. Бұлардың қатарында 18 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы тракторын «Данагүл» шаруа қожалығы да бар.
Сапақкөл орта мектебі және «Әсем» бөбекжай балабақшасына оптикалық-талшықты интернет жүйесі жүргізілді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Сапақкөл орта мектебі 41,9 миллион теңге көлемінде күрделі жөндеуден өтсе, осы бағадарламаның арқасында «Жекенді» дәрігерлік амбулаториясына 18,9 миллион теңгеге жөндеу жүргізіліп, жаңа жедел жәрдем көлігі берілді.
Сарбие селосының 2 көшесін асфальттау және ауыл тұрғындарының кешкілік мезгілде серуендеп, демалуына мүмкіндік беретін алаң мен балалар ойын алаңының жобалық сметалық құжаты жасақталып отыр. Демек, қаражаты бөлінсе, бұл жұмыстар биыл басталады.
Аудан әкімі Асқар Қазыбаев карантиндік шараларға қарамастан, өткен жылы ауданда атқарылған игілікті істерге тоқталды. Ауданның күн батысындағы ауылдардың тұрғындарын қуантып отырғаны, күре жол жолға жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмысы. Ал, сол жолға қосылатын Сарбиенің 16 шақырымын да күрделі жөндеуден өткізіп, асфальт жамылғы төсеу үшін жобалық сметалық құжаты жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп тұр.
Ауыл тұрғындары атынан алғашқы болып сөз алған еңбек ардагері Мұхит Керейұлы ауыл абаттандыру, күл-қоқыс шығару, жазғы далалық өрттің алдын-алу және қысқы жол қатынасын қамтамасыз ету жайын, ауылға еңбегі сіңген Сәрсенғали Балапашевтың атын берудің жолдарын сұрады. Берік Оразбаев ауылдағы бос тұрған коммунальдық тұрғын үйлердің ертеңіне алаңдап, оны жалдау ақысын арзандатуды өтініп, қазіргі таңда тұрғындардың тұтынуына жарамсыз болып отырған орталықтандырылған ауыз судың сапасы туралы айтты. Бұл сауалға жауап берген Асқар Қайырғалиұлы алғашқы мәселе бойынша сала басшысына тиісті тапсырма берсе, ауыз судың қоры зерттеліп жатқандығын жеткізді. Зейнеткер Бейбіт Тілембаева тұрғын үйінің құжатын жасақтауға көмек сұраса, ауыл тұрғыны Кәкім Жетенов мал жайылымының мәселесін көтерді. Ауыл, аудан әкімдерінің есептерін инстаграмм желісінен тікелей эфир арқылы тыңдаған ауыл жастары «Студенттердің каникулға келу-кету жолақысын аудандық бюджет арқылы өтеуге мүмкіндік бар ма? – деп сұрады.
Қараойдағы есептік кездесуде де алдымен ауыл әкімі Айбек Сұлтанов тұрғындар алдында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы міндеттерімен бөлісті.
Қараойда да «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы ауыл мектебіне 50716,8 мың теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жасалса, «Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде экономикалық дамытуға жәрдемдесу бойынша іске асыру бойынша Қараой мектеп – балабақшасы жанындағы балабақшаға 4987,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнда да жердің шалғайлығы ескеріліп, ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жаңа медициналық жедел жәрдем автокөлігі берілді. Ауылдың басты мәселесінің бірі — ауруханадағы бас дәрігердің жоқтығы.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты: «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы бағдарламаның  2-ші бағыты «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 5 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып, 505 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып жеке кәсіпкерлігін тіркеп жұмыстарын бастаған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» халыққа жолдауында «Туған жерге — туыңды тік!» бөліміне сәйкес округте бірқатар жұмыстар жүргізіліпті. Еріктілер тұрғындарға және аз қамтылған отбасыларға жеке кәсіпкер Г.Имашева және ауыл тұрғыны ерікті К.Мырзағалиева демеушілігімен 700 дана бетперде, қауіпсіздік шаралары мен гигиеналық талаптарды сақтау арнайы жадынамалар таратса, «Nur Otan» партиясы ұйымдастырумен «Біз біргеміз» акциясына депутаттық фракция мүшелері, бастауыш партия ұйымы және этномәдени орталығының мүшелері және округ жастары тарапынан аз қамтылған, көп балалы отбасыларға және жалғыз басты қарттарға барлығы 44 отбасыға 520 мың теңге көлемінде азық-түлік және жеке гигиеналық құралдар, медициналық бетперделер алып берілді. Бұл акцияға ауылдағы шаруашылықтар да атсалысты.
Ауыл азаматтарының және жерлес кәсіпкерлеріміздің қолдауымен «Қазбағамбет Хазырет ата» атына мешіт имандылық үйі салынды. 2020 жылы Қараой ауылының 1973 жылы туылған азаматтары пластиктен 500 мың теңгеге қосымша кіре-беріс бөлмесін жасақтап берді, ауыл жастары 680 мың теңгеге мешіттің құжаттарын жасақтауға демеушілік көрсетті.
Мұнда да тұрғындар ауылды аудан орталығымен жалғап тұрған көтерме жолға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қуанышпен қабылдап отыр.
Р.S. Екі ауылдағы әкімдердің есебіне Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Нұртас Сейітов қатысып, аудан әкімі кездесуден соң тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл-Сарбие-Қараой-Ойыл.

Басқа жаңалықтар