ӘлеуметРухани жаңғыру

«Түнгі кітапхана» жұмысын қайта бастады

Осыдан тура үш жыл бұрын ойылдықтар үшін «Түнгі кітапхана» жұмысын бастағаны баршаға мәлім. Әлеуметтік желі арқылы кітапхана ұжымы оқырманды кітап оқуға шақырды. Бұл бастама жұмыстан қолы босамай, кітап оқуға уақыт жеткізе алмай жүргендер үшін тиімді болды. Алайда «Түнгі кітапхана» коронавирус пандемиясы кезінде жұмысын тоқтатқан болатын. Қазір жағдай қалыпты. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, «Түнгі кітапхана» жұмысын қайта бастады. Әр аптаның бейсенбісінде кешкі 10-ға дейін Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапхананың есігі оқырмандарына айқара ашық.
Осы орайда өткен бейсенбіде «Түнгі кітапхана» акциясы аясында XIX ғасырдың дәстүрлі өнер өкілі, композитор Құрманғазының шәкірті, күй өнерінің һас шебері Дина Нүрпейісованың 160 жылдық құрметіне орай Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы «Домбыра дастан» атты әдеби кешке арқау болды. Шара кезінде Дина анамыз шығарған күйлерінің тарихы мен күйді орындау шеберлігі жайында естеліктер айтылды. Сонымен қатар айтулы кешке аудандық музыка мектебі ұжымы арнайы келіп күйден маржан төкті. Алдымен Мұратхан Таңатарұлы кітапхана ішін домыраның қоңыр үнімен жаңғыртса, Назгүл Төрешова оқырмандарға Дина анамыздың «Партия» күйін тарту етті. Әрі қарай Гүлнара Сағатова Дина Нүрпейісованың күйлерінің жинақтарын оқырмандарға таныстырса, Салтанат Мерғалиева «Тойбастар» күйімен кешті аяқтады. «Түнгі кітапхананың» оқырманы ретінде біз айтулы кеш оқырмандар жүрегінен орын тапқанын байқадық. Қазір кітап оқитын жандар жоқтың қасы десек те, әлі де болса арамызда кітапқұмар жандардың барына көз жеткіздік. Әрине қазіргідей интернеттің желі гулеп тұрған шақта, жастарымыздың көпшілігі кешкі уақытын текке өткізіп жүр деуден аулақпыз. Себебі ауданымызда білімге құштар, кітапқұмар жастардың барына куә болып келеміз. Ендеше бізде осындай жастардың алдында өмірдің материалдық жағын ғана ойлаудан бойымызды аулақ ұстап, рухани байлықты ұмыт қалдырмауымыз керек.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар