ӘкімдікБасты тақырып

«Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!»

Ойыл жұртшылығы үшін биылғы жыл айтулы жыл болып отыр. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен қатар ауданымыздың 100 жылдығы мен ерен еңбегі мен ел-жұртқа есімі мәшһүр болған ақ тарының атасы Шығанақ Берсиевтің 140 жылдығын атап өтпекші. Осы орайда өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты мерейлі жылдың мерекелік ашылу салтанаты өтті.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіздік – мәңгілік ел тұғыры», «Тәуелсіздік жемісі» атты Ойыл ауданының 100 жылдығына арналған «Ел тарихы – киелі де қастерлі», Ұлттық құндылықтар – ұлт қорғаны» атты Шығанақ Берсиевтің 140 жылдығына арналған «Шығанақ бағындырған шың» атты қолөнер туындылары мен кітап көрмелері көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде қолөнер шеберлерінің шыны сынды әртүрлі заттардан жасаған туындылары өзіндік ерекшелігімен көз тартты. Одан кейін айтулы шараның шымылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бейнебаянмен түрілді. Әрі қарай аудан өнерпаздары әсем әнмен арналған салтанатты шарада Ойыл ауданының 100 жылдығына, Шығанақ Берсиевтің 140 жылдығына арналған бейнебаяндар көрсетіліп, өмір жолы мен ерен еңбегі Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романына, неміс драмтургы Бертольд Брехттің «Тары өсіруші» дастанына арқау болған Шығанақ атамыздың бейнесі сахналық қойылыммен сомдалды. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының «Отбасымен жұлдызды 30 кітап» жобасының тұсауы кесілді. Аталған жобаға қатысушы кітапқұмар отбасылардың фото-суреттері бейнеролик арқылы көрсетіліп, қазіргі интернет қарыштап дамыған заманда арамызда әлі де кітапты сүйіп оқитын жандардың бары бізді бір қуантып тастады.

Оған қоса «Қазақстанның оқырман ұрпағы — 2021» жалпыұлттық акциясы аясында ертегі кейіпкерлерін сомдаған бүлдіршіндердің дефилесі көпшілікті сүйсіндірді. Одан кейін аудан басшысы Асқар Қайырғалиұлы ғасырлар тұғырында жыл өткен сайын асқақтай түсетін үш бірдей мерейтойымен барша ойылдықтарды құттықтады. «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толғалы отыр. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, 30 жыл – көзді ашып жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Осы орайда біздің ауданымызда да Тәуелсіздіктің мерейтойына орай «30 жыл – 30 нақты іс» жобасы аясында негізгі 5 блок бойынша 30 жоба жүзеге асырылады. Құрметті жерлестер! «Береке басы — бірлік» деген дана халқымыз. Ендеше, берекеміз бен бірлігіміз жарасқан елліміздің еңсесі биік, болашағы жарқын болуына барлығымыз бір кісідей жұмылып, еңбек етуіміз қажет. Баршаңызға ел келешегі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін», — дей келе Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауын өткізу кезінде сайлау заңнамасы мен халықаралық стандарттарды сақтай отырып, жоғары кәсібилік және ұйымдастырушылық шеберлігі үшін ауданымыздағы учаскелік сайлау комиссияларының төрайымдары мен төрағаларын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының алғыс хатымен марапаттады. Одан кейін «Nur Otan» партиясы сайлауалды штабының төрағасы Сәкен Займолдин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде белсенді атсалысқан бірқатар азаматтарға партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің алғыс хатын табыстады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар