Басты тақырыпБілім

Алтын ұядағы кездесу

Облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткен сенбі күні Ойыл қазақ орта мектебінде « Білім бастауы – мектебің шақырады» атты түлектермен мерекелік кездесу жиыны өтті. Туған жердің әрбір түлегі қай жерде, қандай қызметте жүрсе де, атамекеніне бүйрегі бұрып тұратыны белгілі. Сондықтан болар айтулы білім ошағында бірінші рет болып тұрған шараға еліміздің әр аймағында қызмет етіп жүрген 100-ге жуық түлегі арнайы келді.

Сонымен қатар кештін құрметті қонағы болған қомқоршылық кеңес төрағасы Т.Қалниязова және кеңес мүшелері Ғ.Жүмбергенұлы, Ә.Дүйсенғалиева және Н.Қисықова, М.Еркінова, А.Шотанова сынды ардагер ұстаздар түлектердің басын қосқан ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдірді. Бұл шараға 1984-2017 жылдар аралығындағы түлектер бас қосты. Ойыл қазақ орта мектебінің табалдырығында асыр салып ойнаған азамат пен азаматшаларымыз бүгінде бір-бір үйдің шаңырағына сүйеу бола жүріп, бір-бір мамандықтың иесі болып отырғаны белгілі.

«Бір күн дәмдес болғанға — қырық күн сәлем» — дегендей, білім алған ордаларына түлектеріміз құр алақан келмепті. Бірнеше жыл бұрын бітіріп кеткен түлектер өз шама- шарқыларына қарай мектепке керекті заттармен ақшалай сыйлықтарын жылы лебіздерін айтып табыстады. Енді біреулері мектепке деген сағыныштарын өз өнерлерімен жеткізді. Әрі қарай ортаға осы мектептің түлектері шақырылып, соңғы қоңырау үнің сыңғырлатуға мүмкіндік берді. Мектеп ұжымының осы шараға арнап отырғызған «Тілек ағашына» түлектер өздерінің жүрек жарды лебіздерін жазып естелік қалдырды. Өткенді еске түсіріп, дабыл үнімен түлектердің рапорты қабылданып, «Мектебім мәңгі жүрегімде» атты алау салтанатты түрде жағылды. Жиын соңы мектеп оқушыларының заманауи флешмобымен жалғасын тапты. Осылайша сырттағы шара аяқталып келген қонақтар мектеп ішін аралауға кірісті. Әзіл қалжыңы жарасып, өткен-кеткенді еске түсірген түлектер мектеп ішінің өзгерістеріне таңданыстарын да жапсырған жоқ. Бүгінгі кездесу барысында «Туған жерге тағзым!» акция аясында жасалған «Мәңгілік ел» заманауи стендінің тұсауы кесілді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында 6 бағытқа басымдылық берген. Соның бірі — білім беру жүйесін жаңаша жетілдіру. Осыған Ойыл ауданының картасы ретінде құрастырылған стенд электронды түрде планшеттер мен ұялы телефондар арқылы басқарылады. Тек мұнымен ғана шектелмей, әрбір адам оқуға тиіс болатын 100 кітаптың үздік 36 кітабымен бірге қазақ фильмдері жасақталған стендтермен қатар Ойыл ауданының белгісі жазылған футболкалар да электронды түрде гаджеттер арқылы басқарылады екен.

Қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуда оқу орындарының білім беру және жас ұрпақты тәрбиелеуде орыны ерекше демекші әрбір мектептерде әсіресе ауыл – аймақтарда осындай электронды көмекші құралдарымыз болса онда баланың қызығушылығы оянары сөзсіз. Әрі қарай мектеп ұжымдарының келген түлектерге арналған концерттік бағдарламаларымен көңілдерін көтерді. Ал жастар жағы спорттық шара футбол мен волейбол ойындарына белсенді атсалысып, кеш соңында жүлделі орындармен марапатталды. Осы шараға жас түлектердің көп жиналғаны көңіл қуанттырады. Осындай басқосудың нәтижесі мектеп оқушыларының санасына тәлім-тәрбие беруге зор үлес қосты деген сенімдеміз.

Өміргүл ТЕМІРХАН,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар