Басты тақырыпМәдениет
«Есіңе мені алғайсың!»
«ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ ҚҰДІРЕТІМ, ОНДА БІР СҰМДЫҚ СЫР БАР ЕСТІЛМЕГЕН», - ДЕП ӨМІРІНІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ЖЫРЛАП КЕТКЕН ҚАЗАҚТЫҢ ЛИРИК АҚЫНЫ, ЖЫР ДҮЛДІЛІ МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ТУҒАНЫНА БИЫЛ ТОҚСАН ЖЫЛ ТОЛДЫ.
Осы орайда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында ақынның өлеңдерін жатқа оқудан байқау өтті. Байқау екі кезеңнен тұрды. Үміткерлер өнерін таразыға салған қазылар алқасының қатарында Ш.Берсиев атындағы Ойыл өлкетану музейінің директоры Балқия Рысбаева, Ойыл аудандық балалар кітапханасының аға кітапханашысы Гүлайым Қаплиева, Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы директоры Мейрамбек Музамелұлы, Ойыл аудандық мәдениет үйінің режиссері Әділбек Қалидоллин болды. Байқаудың шарты бойынша бірінші кезеңде үміткерлер мұзбалақ ақын Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқыды. Қазылар алқасы әр сайыскердің тіл байлығына, дауыс мәнері мен сахнада өзін-өзі ұстауына баса назар аударды. Бір айта кетерлігі, байқауға қатынасушылар ақынның бұрын көп айтылмайтын «Күрсінбеші», «Жасасаң қайыр», «Қырқыншы жылдары», «Болашаққа», «Таудай болғым келеді» деген өлеңдерін сахна төрінде жаңғыртты. Жеті үміткердің оқыған өлеңдері бір-біріне қайталанбады. Ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан Жамал Руслан айрықша көзге түсіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Екінші кезеңде үміткерлер ақынның поэмаларын жатқа оқып, сахналық қойылым көрсетті. Байқаудың бас жүлдесін Хасен Жанболат жеңіп алса, бірінші орынды Гүлжанат Жұрымбаева иеленді. Екінші орын Мейрамгүл Тәттіғалиға бұйырды. Үздік үштікті Мұхтар Серікбаев қорытындылады. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды. Байқау кезінде Әсем Базарова Мұғалидың «Аққулар» әнін тебірене шырқаса, Елеусін Займолдин «Сенің көзің» әнін орындап шықты. Айта кетсек, байқауға Ойыл аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалының фракция мүшелері қаржылай демеушілік көрсетті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.