Спорт
Бекзат — Қазақстан чемпионы!
17 жасында ақ спорт шебері атанған ойылдық жас палуан Бекзат Мұхамбетовтың есімі жерлестеріне жақсы таныс. Оның осындай дәреже өнер көрсетуіне марқұм атасы Мұхамбет жол сілтеген болатын.
Қол басындай болғанымен қорғасындай салмақты балғын палуан қазір әбден ширап қалған. Талай-талай дүбірлі додаларға қатысып, боз кілемде ысылған Бекзаттың Ташкент қаласында жасөспірімдер арасында самбо күресінен өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізіп, ел-жұртын сүйсіндіргенін бәріміз де білеміз. Қазіргі таңда Бекзат Мұхамбетов Қ.Жұбанов атындағы кәсіби шығармашылық факультетінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының екінші курсында оқып жатыр. Оның осы жолда қалыптасуына барын салып, күрес өнерінің қыр-сырын үйреткен алғашқы жаттықтырушылары Азат Шерниязов пен Тимур Қалниязов. Бүгінде самбо күресінен Қазақстан құрама командасының құрамында жүрген палуанды Ақәділ Убайов деген азамат жаттықтыруда.
Жақында ғана Талдықорғанда самбо күресінен ересектер арасында өткен ел біріншілігінде Бекзат Жұмабергенұлы «Қазақстан чемпионы» атанды. Біз Бекзатпен арнайы тілдесу барысында ол осы жеңісін туған жеріне арнайтынын айтып, барша жерлестерін алғыс айту күнімен құттықтады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатында «Әлем чемпионы» болу үшін қызу дайындық үстінде екендігін жасырмады. Ендеше жұмыр жүрегі елім деп соғып тұрған жас палуанның еліміздің туын желбіретер сәтіне сәттілік тілейміз! Жарайсың Бекзат! Әрқашан алға!
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.