Спорт

Бапкердің мерейі

Сейітжан барлық ауыл баласы сияқты алысып-жұлысып өсті. Шаруамен шынықты. Ол үшін спорттың кез-келген түрі де жат болған емес. Ала жаздай күні бойы өзенге шомылып, кешке дейін доп қуса, қыстай сабақтан келе Ойыл өзенінің үстіндегі айдынға жүгірді. Хоккей ойнау үшін...

Ал, боксқа деген құлшыныс кенеттен басталды. Бес бітірген жылы. Ойыннан келе жатып бокстан жарыс басталып жатқанын естиді. Салмағын өлшетіп, жарысқа «қойып кетті». Көзді ашып-жұмып төпелеген төбелес деп ойласа керек, арасында аяғы да «іске қосылып» кетеді. Төрешіден ескерту алып, ұпайынан айрылса да, сол кездесуде жеңіп шығады. Яғни, боксқа деген баспалдақ осы жарыстан басталды. Алғашқы бапкері Болат Қуатов. Болат бапкердің жаттығу кезіндегі «қан сорпаңды» шығаратын талабына төзгенімен, талай ойыннан құр қалғаны өзегін өртейді. Бір күні таңертең ертемен көрші балалармен бірге сайға доп ойнауға кетіп қалды. Жаттығу басталғанша қайтпақ ойы болды. Алайда, ойын қызығымен мезгілдің түстен ауып кеткенін аңдамай қалды. Темірдей тәртіпті сүйетін бапкер араға апта салып басы салбырап келген баланы «айдап шықты». Содан жаздай доп қуып, қыста хоккей ойнап жүргенде, Ойылға Дәулет Шыңбаев жаттықтырушы болып келді. Жан-жағына қарап, бой түзей бастаған бозбала шағында боксқа қайта оралды. Дәулет жаттықтырушы Болат ұстазынан бокстың әліппесін меңгеріп келген шымыр баланың шеберлігін шыңдауға кірісті. Жеткіншек кезінен жүздеген балаға бапкер болған Дәулет Шыңбаевтың жаттығу сабақтарына үзбей қатыса бастады. Тынбай талаптанып, қайтсем де нәтижеге жетемін­ деп еңбектенді. Жаттығудан қалжырап, шаршап шыққан сәттерде де мойымай, шыдамдылығының арқасында біраз биікті еңсерді. Үш жылғы төгілген тердің өтеуі – 18 жасында жасөспірімдер арасында облыстың чемпионы болуы… Спорт шеберлігіне үміткер болып шықты. Сол жылы Ақтөбе қаласында өткен Бүкілодақтық Орталық Кәсіптік Одақтары Кеңесінің турнирінде топ жарған Сейітжан бағын­дырған белес мұнымен бітпеді. Облыстың ғана емес, республикалық құраманың бапкерлері де Сейітжанның барлық жарыстарын бақылап, оны үнемі көз қырында ұстады. Сондықтан, оймақтай Ойылдың баласын бүкілодақтық деңгейде өткен турнирлер мен біріншіліктерге Қазақстан атынан жіберді. Қай уақытта да бапкерлерінің сенімін ақтап, жерге қаратқан кезі жоқ. Мәселен, Өзбекстанда «Локомотив» желісі бойынша өткен бүкілодақтық турнирде күміс жүлдеге қол жеткізсе, Тольятти, Пятигорск қалаларында өткен турнирлерде қол жүлдеге ие болды.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы қазақ боксының алтын дәуірі. КСРО-ның ғана емес, әлемнің маңдайалды боксшылары болған Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненколар қатар жарыстарға қатысты.
Қазақта «Болар бала он бесінд­е баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер» — деген тәмсіл бар. Өзі сүйген салада қарым-қабілетін барынша шыңдап, талай додада топ жарып жүрген Сейітжан бүтін бір ауылдың мақтанышына айналды. Тумысынан қайсар мінезді Сейітжанның «еркелігін» көтеріп, бауырына басып, өнегелі тәрбиесін сана­сына сіңір­ген, Ойылдың баласын алты жыл «сүйреген» Ақтөбедегі бапкері Болат Досмағамбетовтың сенімі ақтала бастады. «Қайрат» қоғамының республикалық спартакиадасында және 1986 жылы Арқалық қаласында өткен Қазақстан чемпионатында үшінші орын алған Сейітжан туралы облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бірден КСРО спорт шебері атанды. Бокстың бәсін жетік түсініп, осы бағыт­та алған асуы мен бағындырар белесін бағамдаған Сейітжан 1988 жылы жоғары оқу орнын бітіріп ауылға келді. Көп кешікпей үлкен спортпен қоштасты. Одан кейін Сейітжанның бапкерлік өмірі басталды. Еңбегінің нәтижесі де ұзақ күттірген жоқ. Облыстық жарыстарда Ойылдың боксшылары бой көрсете бастады. Бала спортшының бапкерден үйренері көп. Оның өмірлік тәжі­рибесін, әдіс-тәсілдерін меңгеріп, жарыстарда «азық» қылары сөзсіз. Жарысқа қара көбейтіп қатысып қана қойған жоқ. Алды үмітті ақтап, Ақтөбеде ауызға іліге бастады. Батырбек Сағиев, Тілеш Тұнықбаев, Абат Шыңбаев, Бауман Жұмағалиев, Қанат Нұршин мен Мұрат Бекетаевтар Ойылмен қатар Сейітжанның да даңқын аспандатты. Сол кезді Сейітжанның өзі Ойыл боксының өркендеу кезеңіне балайды. Алайда, 1990 жылдарғы тоқырау Сейітжанның талай шәкіртінің қанатын қайырып, бағын байлады. Кейіннен қаржылық мүмкіндіктің шектеулілігі, арнаулы спорт мектебі ғимаратының болмауы Ойылда бокс секциясының жабылуына әкеліп соқты. Сейітжан да тұрмыстың қажеттілігімен Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Әртүрлі салада еңбек етіп, бапкерлік қызметтен де қол үзген жоқ. Ақтөбе қаласындағы жеке спорт клубтарда жаттықтырушылық жұмысын жалғастырып, шәкірттер тәрбиеледі.
2015 жылы Ойылдағы спорт мектебінің ауқымы ұлғайып, бокс секциясы ашылғанда іс басындағы азаматтардың таңдауы бірден Сейітжанға түсті. Сейітжан да бәлсінбей, азаматтардың сөзін жерге тастамай, туған жеріне оралды…
Соңғы жылдары Ойылда боксты серік еткен жастарымыз көбейіп, деңгейі өсіп келеді. «Батыр майданда шынығады» — дегендей, жаттығу бір басқа, боксшыға шыңдалу үшін үнемі жарыс керек. Қазіргі карантин шаралары шәкірттерінің шеберлігін шыңдауға тұсау болып отырғанын жасырмайды. Басқа спортпен салыстырғанда, бокстан жарыс өткізу шығыны көп шара. Бір турнирді, жарысты өткізу үшін берісі бес күн, әрісі бір апта керек. Ауданда жарыс өткізу туралы ойына карантиннен бұрын осындай шығындар шектеу болып отырғанын жасырмайды.
Күнделікті еңбек пен жат­тығу­дың арқасында ғана нәтижеге­ қол жеткізу мүмкін екенін шәкірттеріне түсіндіруден жалықпайтын, спорттың ішінде бекзат өнер саналатын боксты жарты ғасыр серік еткен Сейітжан бүгінде алпыстың асқарына шығып отыр. Сейітжан бапкерді мерейтойымен құттықтап, аудан әкімі мен әріптестері және аудандық білім бөлімінің басшылығы және облыстық бокс федерациясы құттықтау хаты мен арнаулы сыйлықтарын ұсынса, ардагер спортшылар кеңесі омырауына «Спорт ардагері» төсбелгісін тақты. Ұстаз еңбегі шәкірттерінің табысымен өтеледі. Сондықтан, біз Сейітжан ағаның шәкірттерінің тек биіктен көрінуіне тілектеспіз!

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар