ӘлеуметБасты тақырып
Кәсіпкерді мемлекеттің қолдауы Мамандар кәсіпті кеңіту мен дамыту туралы түсінді
Өткен жұма күні Ойыл ауданына облыстық кәсіпкерлік басқармасы жанындағы жұмыс тобының мүшелері келіп, аудандағы кәсіпкерлермен кездесті. Аудандық мәдениет үйінде өткен бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау шарттарын түсіндіру бойынша ақпараттық – насихат тобының жұмысына кәсіпкерлермен қатар мелмекеттік мекеме басшылары қатысып сауалдарын қойды.
Алғаш болып сөз алған облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов жалпы облыстағы кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстарға шолу жасады. Кездесу барысында облыстағы қаржы институттарының мамандары мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге берілетін несие шарттары мен кепілді көмектер туралы жан-жақты түсінік берді.
Одан кейін аудандық мәдениет үйінің фойесінде сала мамандарының азаматтарды жеке сауалдары бойынша қабылдау өткізді. Негізінен тұрғындарды кепілсіз несие, қайтарымсыз гранттар алу, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу мәселелері толғандырады.
Ойыл ауданында банктердің филиалдары жоқ, алайда Халық банкінің өкілі Н.Көпенова тұрғындарға кеңес беріп, сондай-ақ ауданның қазіргі кәсіпкерлері тек жеке куәлік бойынша Халық банктің Қобда ауданындағы филиалы арқылы 5 млн.теңгеге дейін портфельдік кредиттер алуға болатындығын түсіндірді.
Жұмыс тобының мамандары сапары барысында «Еңбек «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында несие алған жеке кәсіпкер С.Мырзағалиеваның «Жылыжай» және осы бағадарламаның арқасында халыққа қызмет етіп жатқан «Береке» кафесінің қызметімен танысып, аудандағы демеушілікпен салынған «Саз мектебінде» жастармен кездесіп, кеңес берді.