ӘкімдікБасты тақырып
«Сарқылмайтын жылылық, Ана аты – ұлылық»
АНА – ӨМІРДІҢ ГҮЛІ, КӨҢІЛДІҢ ЖЫРЫ, ӘР ОТБАСЫНЫҢ АЛТЫН ДІҢГЕГІ. ТЫНЫМСЫЗ ТІРШІЛІК ПЕН КЕҢ ДҮНИЕНІҢ ӨЗІ ТЕК АНАЛАРМЕН АЖАРЛЫ. АНАЛАРҒА ДЕГЕН ЫСТЫҚ СЕЗІМ, АЛҒЫС ПЕН ҚҰРМЕТ ЕШҚАШАН СӨНБЕК ЕМЕС.
Осы орайда жадыраған көктемнің шымылдығын түрген аналар мерекесі ауданымызда биыл да кең көлемде аталып өтті. Санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген «Сарқылмайтын жылылық, Ана аты – ұлылық» атты салтанатты шара кезінде аналарға сый-құрмет көрсетілді. Нәзік жандыларға арналған мерекелік шараға аудан әкімі Асқар Қазыбаев қатысып, барша ақ жаулықты аналар мен ару қыздарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, «Алтын», «Күміс» алқа иегерлеріне медальдарын табыстады. Тарқатып айтсақ, Света Шотанова «Алтын алқамен», Нұргүл Әубәкірова «Күміс алқамен» наградталды.
Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген жандарға алғыс білдіріп, арнайы марапаттады. Әрі қарай, аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Алтынбек Шотов «Шімән» әженің ролін сомдады. Ол әртістік шеберлігімен сомдаған әзілдері арқылы барша жиылған аналарды күлкіге қарық қылды. Сонымен қатар аудандық музыка мектебінің оқушылар орындаған «Родная мама» әні көпшіліктің көңілінен шығып, айрықша ыстық-ықыласқа бөленді. Сондай-ақ кіп-кішкене болса да өнерге талабы таудай Даяна анасы Бұлбұл Шәутеновамен бірге ән шырқап көпшіліктің қолдауына ие болды. Шуақты мерекеге үлкен дайындықпен шыққан аудан өнерпаздары аналардың құрметіне әсем ән мен мың бұралған биден шашу шашты.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.