Әлеумет
Ағаш отырғызу — сауапты іс
Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу-сауапты іс. Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Асыл дініміз бойынша да жеміс ағаштарын егу сауапты амал. Егілген жеміс ағаштарының жемістерін тек адам ғана емес, жәндіктер мен құстарда жесе, сауап болады. Сауапты істі жүзеге асыру, туған жерімізді көркейтіп, жасыл желекке айдалдыру мақсатында қасиетті Рамазан айында Ақкемер аулымыздың іргесіндегі «Жалғыз тал» бұлағының жанына жеміс ағаштары отырғызылды. Осындай игі іс шараға аулымыздың белсенді азаматтары Талдыбаев Жолдыбай, Мейірманов Базар, Қайырғазин Аманжан ағаларымыздың бастамасымен іске асты. Шалабаев Мереке отбасымен, Базарұлы Артур отбасымен, Жақиевтар отбасылары алғашқы жеміс ағашының көшеттерін отырғызды. Сауапты іс жасаған ағаларымызға үлкен алғыс білдіреміз! Жас буынға ақылшы, сауапты істің бастамасы болып жүре беріңіздер! «Жалғыз тал» бұлағына бала кезімізде бұлақ басынан су ішіп, тал көлеңкесіне демалып, айналасындағы көркем табиғатты тамашалаушы едік… «Бір тал кессең, он тал ек» — демей ме, қазақ даналығы? Жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы жайқалып, жазда сая, қыста қамал болады. Ағаш-табиғаттың ерекше жаратылған бір көркі. Соны ұмытпайық, ауылдастар!
Гүлнәр ЖАКИЕВА,
Ақтөбе қаласы.