Басты тақырыпБілім
Кітапханадағы мүйіс – мерекелік тарту
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақстандықтардың рухани жаңғыруының бірегей жолдарын ұсынды. Алайда, әрбір қазақстандықтың алдында өздігінен білім алу және өз білімін жетілдіру мақсаты тұр және бұл тұрғыдан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қойылған стратегиялық мақсаттарды орындауда маңызды рөл кітапханаларға тиесілі.
Қоғамда, соның ішінде балалар, жасөспірімдер және жастар ортасында болып жатқан үрдістер мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа назар аударылуын талап етеді. Біздің балаларымыздың болашағының жарқын болуы, бәсекеге қабілеттілігі, өз бойына адамгершілік және мәдени салт-дәстүрлерді сіңіруіне байланысты болатыны сөзсіз. Кітапханашылардың түпкі бағыты – қазақстандық және әлемдік әдебиеттің аса маңызды үлгілерінің көмегімен балалар мен жастардың бойында игі қасиеттерді сіңіру.
Осы орайда баланың ойын ойынмен дамытып, кітапқа құштарлығын ояту үшін бүгінгі мереке күнгі аудандық балалар кітапханасында ашылған «Рухани жаңғыру бала шақтан» мүйістің көмегі зор болмақ.
Балаларға арналған арнаулы мүйістің ашылуына қатысып, балаларды мерекелерімен құттықтаған аудан әкімі Асқар Қазыбаев өзінің ізгі лебізін білдіріп, таңданысын да жасырған жоқ. Бүгінгі буын әріптестерінің қуанышына ортақ бола келген ардагер кітапханашы Сәния Молдашеваның тілегі де «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!?» — деген Қасымның өлеңімен ұштасты. Ал, бүлдіршіндер болса, қонақтарға өлең оқып, тақпақ айтып, өз өнерлерін ұсынды. Мүйістің ашылуына жиналған балаларға аудандық мәдениет үйінің ғажайып қуыршақтары балмұздақ ұсынып, естелік кітап сыйлады.
«Жеті өнер компаниясының» жетекшісі Ерасыл Сәкенұлының идеясымен әзірленген мүйісте баланың жасына сай отандық маңызы бар ұлттық құндылықтарға негізделген таза табиғи зиянсыз материалдардан жасалған ойынмен ой дамыту кешенІ. Мүйіс бірнеше бұрыштардан тұрады. Олар Ағаш үйдегі кітапхана, Аспан денелерін зерттеу бұрышы, саусақ моторикасын дамыту ойындары, үстел үсті қоршаған ортаны дамыту алаңдары, планшетпен оқу шағын күркелері, балабақша бүлдіршіндеріне арналған ойын үстелі, ересек балаларға кітап оқу алаңы және әлемдік заманауи кітаптар сөрелерінен тұратын жас балғын оқырмандардың дүниетанымын кеңейту мақсатындағы арнайы құрылғылар жиынтығын қамтиды. Әр ойын алаңының өз идеясы бар, баланы қызықтыра отырып, білімге, ғылымға жас басынан үйретіп, дағдыландыру — бұл жобаның ең басты міндеті деуге болады. Жоба авторымен сөйлесу барысында, жас кәсіпкер азаматтың туған елге оның жас ұрпағының болашағына деген шынайы партиоттық сезімді байқадық. «Біз өз ұрпағымыздың дамыған елдің балаларынан еш артта қалмауын, ой-өрісі жоғары, ұлттық рухта қарулануына мықты мән беруге тырыстық» — деген еді.
Бұл кешеннің ең басты тартуы — балалардың жас ерекшеліктері ескерілген әлемнің балалар әдебиетінің 230 кітабы бар.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.