ӘкімдікБасты тақырып
Екі ауылдық округтің әкімін халқы таңдайды!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі. Осы орайда арнайы заң жобасы на енгізілген өзгерістерге сәйкес, 25 шілде күні еліміздің барлық өңірінде мерзімі аяқталған ауылдық округтері әкімдерінің орнынан сайлау өткізілгелі отыр. Сондықтан, біз осы саяси науқан қарсаңында Ойыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Төлеуұлы Бисекеновпен сұхбаттастық.
Сұрақ: Берік Төлеуұлы, Мемлекет басшысы Қ-Ж. К.Тоқаев осы жылдың 24 мамырында Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойғаны баршаға мәлім. Осы тұрғыда қандай өзгерістер енгізілгені туралы айтып өтсеңіз?
Жауап: Иә, 24 мамырда Президент Қ-Ж.Тоқаев Сайлау туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойды, ол заң 4 маусымнан бастап күшіне енді. Заңға енгізілген негізгі өзгерістер, аудандық маңызы бар қалалалар, кенттер, ауылдар , ауылдық округ әкімдерін халықтың дауыс беруі арқылы тікелей сайлау, саяси партиялардың тіркелуі үшін шекті мөлшер 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді, сондай-ақ сайлау бюллетенінде «барлық кандидатқа қарсымын» деген жол бар.
Сұрақ: Жалпы республика бойынша аудандық маңызы бар қалалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округ әкімдерін сайлау ағымдағы жылдың 25 шілдесіне тағайындалғаны белгілі, біздің ауданда қандай ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы өтеді және осы бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы айтып өтсеңіз?
Жауап: Осы жылдың 25 маусымында аудандық аумақтық сайлау комиссиясы өзінің қаулысымен Конституциялық өкілеттіктері 8 тамызда аяқталатын аудандағы Көптоғай және Саралжын ауылдық округтері әкімдерінің сайлауын 25 шілдеге тағайындады. Соған сәйкес аталған ауылдық округтер бойынша 2 сайлау округі құрылып, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі Күнтізбелік жоспар бекітілді. Осы сайлауды өткізу үшін аудан бойынша 7 мүшесі бар аудандық аумақтық және 40 мүшесі бар 8 учаскелік сайлау комиссиялары 25 маусымнан бастап жұмыс жасап жатыр.
Сұрақ: Кандидаттарды ұсыну қандай жолмен және қандай мерзімде жүреді? Осылар туралы айтсаңыз.
Жауап: Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес,кандидаттарды ұсыну 3 түрлі жолмен жүреді, яғни саяси партияларлардың ұсынуымен, азаматтардың өзін-өзі ұсыну жолымен, сондай-ақ ұсыну мерзімі аяқталған күнге кандидат ұсынылмаса немесе 1 кандидаттан ұсыныс түссе аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісу арқылы 2 немесе 1 кандидат ұсынуға құқылы. Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі келесі күні басталып, сайлау күніне 15 күн қалған күні сағат 18.00-де аяқталады. Бүгінгі күнге жоғарыда айтылған 2 округке 8 кандидат ұсынылды, олар «Nur Otan» партиясынан-2, «ADAL» саяси партиясынан-1, «Ауыл» ХДПП-нан-1, «Ақжол» ҚДП-нан-1 және 4 азамат өзін-өзі ұсынды, 2 кандидат мемлекеттік қызмет туралы заңнамалардың талабына сәйкес келмеді. Аумақтық сайлау комиссиясы 6 кандидатты тіркеді. Олар туралы хабар аудан әкімдігінің интернет-бетінде және аудандық газетте жарияланды
Сұрақ: Үгіт науқаны қашан басталады?
Жауап: Үгіт науқаны кандидаттар тіркеу аяқталған күннен яғни 14 шілде күнгі 18.00-ден кейін басталып, 24 шілде күні 00.00 сағатта аяқталады. Қазіргі таңда аудан бойынша үгіт материалдарын орналастыратын және кандидаттардың сайлаушылармен кездесу орындары белгіленіп, жарияланды. Кандидаттардың сенім білдірген адамдары ертеңнен, яғни 15 шілдеден бастап үгіт жұмыстарын жүргізеді.
Сұхбатты жүргізген:
С.ХАМЗИН.