ӘкімдікБасты тақырып

Екі ауыл – ұмтылыс екі бөлек

Аудандық мәслихаттың хатшысы Сәкен Займолдин бастаған аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясы мүшелерінің облыстық және аудандық мәслихаттың шешімдерінің орындалуы барысын бақылау мақсатындағы кезекті сапары өткен аптаның соңында Сарбие, Қараой ауылдық округтерінде жалғасты.
Алдымен Сарбие ауылдық округінің Оппасор қыстағындағы мемлекет есебінен қайтарымсыз 32 млн. теңгеге 800 метр электр желісі тартылған Әділ Дүсіповтің «Әлназар» шаруа қожалығына барды. Қыстың қамымен етек-жеңін жинақтап жатқан шаруалар аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясы мүшелерімен өздерінің ой-жоспарларымен бөлісіп, мемлекеттің қамқорлығына ризашылығын білдірді. Одан кейін арнаулы топ Сарбие селосына кіреберістегі газ құю бекетін салып жатқан «Бұйра» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қазіргі таңда газ құю бекетінің жұмысын бастауға қажетті жабдықтардың бәрі дайын тұрғанын жеткізген ауылдық округ әкімі Дәурен Бисебаев электр желісін тарту мен құжаттарын рәсімдеу жұмыстарына орай жоспарларының кешеуілдеп жатқанын жасырған жоқ.
Депутаттардың келісі бас тіреген нысаны — округ орталығындағы Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан балалар ойын алаңы. Жалпы жобалық құны 6 млн. теңгенің ойын алаңы биыл қолданысқа берілді. Ал, ауылдағы жасыл екпелерді күтіп баптау, жасыл желек құру жұмысына келер болсақ, биылғы жылы 150 түп тал егіліпті. Оның 100 түбі қарағаш болса, 50 түбі үйеңкі. Бірақ, қазір үйеңкілер бой алып кеткенімен қарағаштың 20 түбі ғана көктеп тұр. Бұл жайды округ әкімі аптап ыстықта ауылда орталықтандырылған ауыз су құбырының істен шығып қалуымен түсіндіріп отыр. Ал, жуырда ғана мемлекеттен қайтарымсыз грант алған жас кәсіпкер Қазбек Әлібекұлы дөңгелек жөндеу орталығын ашып, халыққа өз қызметін ұсынып отыр. Ауылда отырып, тың кәсіпті қолға алған жігітке депутаттар табыс тілеп, сапарын одан әрі жалғастырды. Ауылдық әкімдіктің ішіндегі бос бөлмелердің бірінен қызмет көрсету орнын ашқан кәсіпкердің негізгі бағыты — шаштараз. Қызмет көрсетуші Аңсаған Салық та мемлекеттен қайтарымсыз 1200 мың теңге грант алып, жұмысын бастап кетіпті.
Ақтөбе облыстық мәслихатының 2019 жылғы 20 қыркүйектегі «Ақтөбе облысында жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» №458 шешімінің орындалуы Сарбие ауылдық округінде нағыз үлгі етерліктей. Ауылдың іргесіндегі үлкен қорым қоршалған, ауласынан әжетхана мен құрал-саймандар қоятын үйшік салынып тұр. Ал, жайылымдық алқаптарды кеңейту мақсатында «Дайра» бағытынан «Дәулет» шаруа қожалығынан 400 га, «Айбек» шаруа қожалығынан 200 га, барлығы ауылдың жайылымдық қорына 600 га аумақ қайтарылыпты. Ауылда сауын сиырлар екі бағытта бағылып отыр. Ұсақ мал бағу ауылдан тысқары жерге бір бағытқа ұйымдастырылған. Әр құдыққа жергілікті бюджет есебінен 300 мың теңгеден бөлініп, екі бағытқа қоғамдық малдарға арналған ұңғыма құдық қазылған. Қазіргі таңда ауыл малдары сол құдықтардан суарылып тұр.
Ал, депутаттар тобы Қараой ауылдық округіндегі сапарын Құбасай ауылынан бастады. Яғни, округтегі аудандық мәслихаттың 2021 жылғы 27 тамыздағы «Ойыл ауданы бойынша 2021-2022 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту туралы» №70 шешімінің орындалуы барысымен танысты. Шыны керек, бұл бағытта қолға алынған жұмыстар бар. Бірақ, баяу. Өйткені, ауылдағы малдың бағылуы әлі толық жолға қойылмаған. Округтің орталығында да тек бір бағытта ғана сауын сиырларды бағу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, депутаттық топ Қараой ауылдық округіндегі әлеуметтік нысандардың тынысымен танысты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар