ӘлеуметБасты тақырып
Еңбегі елге үлгі отбасы, облыстық кезеңнің жеңімпазы
Елбасының ұйытқы болуымен қолға алынған тағылымды бастама биыл жетінші мәрте ұйымдастырылуда. Батыстың мәдениетіне еліктеушілігі басым қазіргі қоғамда ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, отбасы ұғымының мәртебісін арттырудың маңызы зор. Себебі Отанды сүю отбасынан басталады. Дәстүрге айналған ұлттық байқаудың негізгі мақсаты еліміздегі, өңірдегі үогілі жанұяларды дәріптеп қана қоймай, олардың өнегелі өмірін кейінгі буынға кеңінен насихаттау.
Осы орайда «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңіне Ақтөбе қаласы және аудандардан 286 отбасы қатысуға ниет білдірген. Байқаудың қорытындысы бойынша 26 отбасы іріктеуден өтіп, өз мәресіне жетті. Оның сегізі облыстық кезеңнің жеңімпаздары. Шарада іріктеуден өткен отбасыларға арнайы дипломдар, «Отбасы хрестоматиясы» кітаптар топтамасы, сертификаттар табысталды. Байқаудың бас жүлдесін ойылдық жерлестеріміз Ғазиз Займолдаұлының отбасы жеңіп алды.
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып, еселі еңбегімен ел алдында сыйлы болған Ғазиз ағай Ойыл жұртына ғана емес, өңірімізге жақсы таныс. Ғазиз Займолдаұлы мен Екатерина Қалиева ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлкен шаңырақ. Ғазиз Займолдаұлының еңбек жолы да, өмір жолы да өнегеге толы. Оны ойылдықтар да жақсы біледі. Өткен ғасырдың соңында ел еңсесін тіктеп, есін жия алмай жатқан кезеңде бүкіл қиындықты басынан өткеріп, халқының қара нарына айналған нағыз азамат тұлға болды. Осындай әке жолын үлгі еткен балалары беделді қызметте халықпен етене еңбек етіп келеді. Олар өз қызметін қалтқысыз атқара білумен қатар, шаңырағына шаттық ұялатқан азаматтар. Демек, Займолдиндер отбасы шаңырағын шаттыққа толтырып, керегесін кеңейте білген «Шағын мемлекет» мүшелері сан салада жұмыс істеп, зор жетістікке жеткен жандар десек, артық айтқандық болмас.
Өз тілшіміз.