ӘкімдікӘлеумет

Еншісі бөлек, мүддесі бір ауылдар…

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойыл селолық округіне қарасты Ақшатау, Қаракемер ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Екі ауылда да кездесу барысында негізінен мал азығын ертерек қамдау туралы мәселеге баса назар аударды.

Өйткені, екі ауылдың тұрғындары да қуаңшылықтың зардабын көріп отыр. Ауылдағы шаруашылықтардың бәрінің де орақтары ауылдың ішінде қаңтарылып тұр. Төңіректе ораққа түсетін, тырмаға ілігетін ештеңе жоқ. Түс ауа Қаракемер ауылына ат басын тіреген аудан әкімі бастаған топпен кездесуге азғантай адам жиналды. Дегенмен, бәрін де мал азығы алаңдатып отыр. Бірақ, атқарушы биліктің араласуымен көрші округтердің шаруашылықтары ауылға шөп әкеліп жатыр. Алдын-ала тіркеліп жатқандары да бар. Сонымен қатар, аудан басшысы кездесу барысында ауылдың тазалығына да көңіл бөлу керектігін баса айтты. Себебі, иесіз үйлер ауылдың сиқын алып тұр.

Ал, Ақшатаудағы сапарын «Туған жерге тағзым» аясында қолға алынып, құрылысы басталған ауыл клубына тас қалаудан бастады. Осы іске мұрындық болып жүрген мектеп директоры Бекжан Қарасаев шаруаның жай-жапсарын жеткізді. Мектепте өткен кездесуде Асқар Қайырғалиұлы мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мен өзінің ой-жоспарларымен бөлісіп, тұрғындарды отбасылық кәсіпкерлікпен айналысуға шақырды. Әрине, мұнда да мал азығы туралы мәселе көтерілмей қалған жоқ. Кәсіпкер Төлеу Қосанов шабындыққа жер сұрады. Кәсіпкердің өтінішіне аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жасұлан Ержанов тиянақты жауап берді.

Басқа жаңалықтар