Басты тақырыпМәдениет

Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі

Өткен жұма күні аудандық мәдениет үйінде Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі» атты мерекелік шара өтті.

Айтулы шараның шымылдығын «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин «Өнер адамы» арнауымен түрді. Әрі қарай әсем әнмен әрленген мерекелік кеште мәдениет саласының ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіліп, осы саладағы мерейтой иелерін құттықтады. Біздің аудан мәдениет саласы бойынша олблыстық деңгейде алғашқы үштікте көш бастап келеді. Короновирус пандемиясы ушыққан кезде де онлайн форматта халыққа рухани азық беріп келе жатқан мәдениет майталмандарының еңбегі қашанда ерекше. Осы орайда ауданның мәдениетінің асқақтап, алға шығуына сүбелі үлес қосып жүрген мекемелерге аудандық мәдениет саласы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының емдеу-сауықтыру орындарына жолдама берілді. Одан кейін аудан өнерпаздары әсем әндерімен әрлеген мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев, «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркін Жиеналин, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиев барша өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар ауданның мәдениет саласына өзіндік үлесін қосып келе жатқан өнер иелерін марапаттады. Тоқтала кетсек, Шұбарши ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы Гүлжан Оңайбаева, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жасөспірімдермен жұмыс әдіскері Ару Телеу, «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының музыка сүймелдеушісі Гүлжанат Маханова, Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің күзетшісі Қанат Сұлтанов аудан әкімінің алғыс хатын алса, Ойыл аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының орынбасары Шамшырақ Жоламановаға, аудандық мәдениет үйінің электригі Тұрар Сармағамбетовқа, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің библиографы Гүлжазира Дауленоваға, «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығының мәдени ұйымдастырушысы Гүлнара Бисекеноваға «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық филиалы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Назира Сәрсембайқызының «Құрмет грамотасы» ұзақ жылдардан бері мәдениет саласында үздіксіз қызмет етіп келе жатқан аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Боранбай Ешпанов пен аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің есепшісі Индира Сағатоваға табыс етілді. Сонымен қатар аудандағы мәдениет саласының бірқатар қызметкерлері бөлім басшысы мен мәдениет қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының алғыс хаттарымен марапатталды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар