ӘкімдікБасты тақырып
ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Кеше ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді талқылауға арналған актив жиыны өтті. Аудан әкімінің төрағалығымен өткен жиынға аудандық мәслихат депутаттары, мекеме басшылары қатынасты.
«Жолдаудағы міндеттердің барлығы — халықтың, қарапайым тұрғындардың денсаулығын, әл-ауқатын көтеруге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Оның ішінде мұғалімдерге, дәрігерлерге, ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлерге, жастарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Жолдаудағы тапсырмаларды сапалы және уақытылы жүзеге асыру — біздің негізгі, басты міндетіміз» — деп жиынды ашқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев бұл Жолдаудың ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынып отырғанын атап, маңызды құжаттың негізгі міндеттеріне жеке-жеке тоқталды. Жолдаудан туындайтын бірқатар шараларды жүзеге асырудың жолдарын ұсынып, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов Жолдауда айтылған ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы жерлерін мақсатты пайдалану жайы туралы тоқталып өтсе, аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Нұрлан Атағалиев жолдаудағы басымдықтардың бірі — әлеуметтік салалар бойынша ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі сөз соңында Жолдауда берілген басым бағыттарды орындауға жұмыла кірісіп, сапалы әрі нәтижелі жұмыс атқаруға шақырды.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.