ӘлеуметБасты тақырып
Қаракөл мен Құбасайға су тазартқыш кешені орнатылды
Жуырда аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қаракөл, Құбасай елді мекендеріне блок модульды су тазартқыш кешені орнатылды. Бұл кешеннің орнатылғаны қос ауылдың да тұрғындарын қатты қуантты.
15-ке тарта түтіні бар Қаракөл мен Құбасай елді мекендерінде халық саны аз болғандықтан ауыз су тарту мәселесі бірнеше жылдар бойы ескерусіз қалып келді. Қазір ол күндер артта қалды. Ауданда ауыз су мәселесі оңтайлы шешімін тауып келеді. Нақтырақ айтсақ, аудан халқының 91,4 %-ы таза ауыз сумен қамтылған. 22 елді мекеннің 14-не орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар Бестамақ елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Оған қоса биыл халық саны аз 3 елді мекенге блок модельді су тазартқыш кешенін орнату жұмыстары жүргізілуде. Әрі қарай жалғасақ, аталған ауылдың тұрғындары бұрын тіршілік нәрін 10-15 метр тереңдіктегі құдықтардан тасып ішетін. Құдықтың суы тұнық болғанымен тазартылмаған су адам денсаулығына тозаңдай болса да зиян тигізері шындық. Сондықтан осылай мемлекеттің қамқорлығына бөленген шалғайдағы шағын ауылдың тұрғындары жергілікті билік өкілдеріне алғыстарын жаудыруда. Қазір екі ауылдың да орталық көшесінде таза су шүмектен ағып тұр. Мердігер «Акватория – Ақтөбе» ЖШС-і блок модульды су тазартқыш кешенін асықпай іске қосқан. Себебі ауыз су тұтынушыларға таза, сапалы су беруді мақсат қылған. Блок модульды су тазартқыш кешенін орнатуға аудандық бюджеттен Қаракөлге 9 миллион 484 мың 791 теңге, Құбасайға 10 миллион 44 мың 791 теңге қаржы бөлінген.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.